Колледж түлектерінің жұмысқа орналасуына білім саласы ғана жауапты болмауы тиіс

0 0

Колледж түлектерінің жұмысқа орналасуына білім саласы ғана жауапты болмауы тиіс. Мұндай пікірді бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депуттарымен кездесуі барысында Астана политехникалық колледжінің директоры Қасымхан Сенғазиев айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Колледждердегі педагог мамандардың тұрақтанбауына ең алдымен жалақы төмендігі себеп болып отыр. Қазіргі уақытта, әсіресе, жалпы білім беру пәндерінде педагогтардің тұрақсыздығы байқалады. Жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдеріне «Назарбаев» Зияткерлік мектептерінің бағдарламасын қолданғаны, біліктілігін арттырғаны үшін үстемақы төленеді. Ал колледжерде мұндай үстемақы жоқ. Бұл үлкен проблеманың бірі болып тұр», — деді ол.

Оның айтуынша, екінші проблема өндіріс шеберлігіне оқытатын мұғалімдердің білім беру пәндерін қоса беруі болып отыр.

«Соңғы жылдары өндіріс шеберлігін оқытатын мұғалімдердің өндіріс ошақтарына кетуі байқалады. Мәселен, 10 жылдық тәжірибесі бар мұндай мұғалім түрлі салықтарды алып тастамағанда 69 мың теңге жалақы алады. Ал өндірістегі қарапайым шебердің жалақысы 150-200 мың теңгені құрайды. Ал егер ол прораб болса, онда жалақысы 250-300 мың теңгеге жетеді. Яғни олар өндіріс орындарында бізге қарағанда 150-200 мың теңгеге артық жалақы алады», — деді колледж басшысы.

Сонымен қатар ол дуальды білім беруді дамыту тек қана колледждерге ғана емес өндіріске де тікелей байланысты екендігін, түлектерді жұмысқа орналасуы да күрделі мәселелердің бірі екендігін баса айтты.

«Еңбек нарығында теңгерім жоқ. Яғни, мемлекеттік тапсырысты көзді жұмып тұрып бөледі. Бес жылдан кейін өндіріске кімнің қажет екендігін сараламайды. Ал төрт жылдан кейін түлек бітіріп шыққан кезде оның мамандығы қажет болмай қалады. Сондықтан колледж түлектерінің жұмысқа орналасуын білім беру саласына ғана іліп қоюға болмайды. Қазір түлектің жұмысқа орналасуына тек білім беру орны ғана жауап береді», — деді ол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.