Бюджет қаражатын игере алмаған министрліктер үштігі белгілі болды. Бұдан былай игерілімеген қаражат бірден кері қайтарылады, — деп хабарлайды ZhambylNews Ақпараттық Агенттігі Astana арнасына сілтеме жасап.
Премьер министр Қаржы министрлігіне осындай пәрмен берді. Өйткені бюджеттің атқарылуы көңіл көншітпейді. Жылдың аяқталуына үш ай қалды. Ал министрліктер кемі 10 млрд теңгеге дейін қаржыны әлі ұқсатпапты.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:
Жаңағы айтқан ұсынысты қолдаймыз. Қазір дайындалып жатқан қайта қарау кезінде, ешкімге қарамай, игерілмеген қаржының бәрін кім сұраныс беріп жатыр, игеріп, жетпей жатқандарға ауыстыру керек.
Көш басында Қорғаныс министрлігі: 15,4 млрд теңге, Ауыл шаруашылығы министрлігі 10,9 млрд, Мәдениет және спорт министрлігі 11,1 млрд теңге және Ішкі істер министрлігі 9,5 млрд теңге қаржыны әлі жаратып үлгермеген.
Ал, Сағынтаевтың сауалына бола сасқалақтаған министр Қасымов тіпті өтірікші атанды.
— Бақытжан Әбдірұлы, мына 4,5 млрд теңге келісімшартта бар, оны қыркүйекке дейін орындаймыз,-деді ол.
— Қыркүйекке дейін дегенде, қыркүйектің ішінде отырмыз ғой, қалай сонда? Бүгін міне 11-і. Кішкене бір өтірік айтқанда да дұрыстап айту керек қой өтірікті, — деді Бақытжан Сағынтаев.