Мектептердің бюджеті интернетте жарияланады , — деп хабарлайды ZhambylNews Ақпараттық Агенттігі ASTANA арнасына сілтеме жасап.
Мектептердің бюджеті ашық жариялануы тиіс. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мектеп директорларына осыған екі апта мерзім берді. Қазір білім мекемелерінің басым бөлігі мұны ескермейді. Енді орта білім ошақтарының бюджеті туралы бар мәлімет ғаламторда тұруы шарт. Оны орындамағандар тиісті жауапкершілікке тартылады, — дейді агенттік өкілдері.
Данияр Сабырбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің директоры:
-Біріншіден, ол қолжетімді болуы керек. Ата-аналар өздеріне қажет мектептің бюджетін интернеттен іздегенде, ол түсінікті әрі тез арада шығуы керек, — дейді.
Оған қоса алдын ала дайындық тесттерді тапсыру үшін әрбір оқушы 500 теңгеге дейін төлейтін көрінеді. Агенттік мұны заңсыз дейді. Мектепте қандай да бір сылтаумен ақша жинауға тиым салынады.
Олжас Бектенов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары:
— Ата-аналар ешқандай қосымша шығын шығармауы керек. Бізде орта білім беру тегін. Біз мұны жемқорлық әрекеті деп бағалаймыз. Алайда, ешкім бұл туралы айтқысы келмейді, сол секілді қосымша ақшаны да төлегісі келмейді, — деді.