Мал жайылымын жалға беруге тыйым салынады. Бұл туралы Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында өткен брифингте облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Бердібек Молдабай айтты, — деп хабарлайды “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі.
Бердібек Тілеуқабылұлы атап көрсеткендей, ағымдағы жылы 19 сәуірде Парламент Сенатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қаралып, мақұлданды. Заңда ауыл шаруашылығы жерлерін беруге енгізілген Мораторийдің шеңберін кеңейту қарастырылып отыр, онда 1% болса да шетелдік үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға жер берілмейтін болады.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру нормасын сақтау және жетілдіру мақсатында жалға берудің жаңа әрі бөлек тәртібі қарастырылып отыр. Яғни, Мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін беру ерекшеліктері деген жаңа баппен толықтырылды.
Жер беру тәртібінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету және жемқорлықты болдырмау үшін конкурсқа қойылатын жерлер тізбесін бекіту, оны міндетті түрде қоғамдық кеңестермен және үкіметтік емес ұйымдармен келісу, жер комиссиясының құрамына 50%-ы қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың өкілдерін енгізу қарастырылған. Сонымен бірге, конкурстың жариялылығы мен оған барлық қатысушылардың тең қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа тәртіп бойынша конкурс өткізілетіндігі туралы хабарландыру тек аудандық қана емес басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарында орналастырылатын болады.
Шекаралық аумақта орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге, Қазақстан Республикасының шетелдіктермен некеде тұрған азаматтарға немесе құрамында шетелдіктер бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына беруге тыйым салынады. Бұл аумақта орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері текқазақстандықтарға ғана жалға берілетін болады. Ал, шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған жер учаскесі пайдаланбау фактісі бастапқы анықталған кезден бастап қатарынан екі жыл бойы мақсаты бойынша пайдаланылмаған жағдайларда, мұндай жер учаскесi осы Кодекстiң мәжбүрлеп алып қоюға жатады.
Сонымен бірге, елді мекендердің маңындағы жайылымдардың көбі жеке және заңды тұлғаларға беріліп кеткендігін ескеріп, әкімдіктерге ол жерлерді қайтару үшін халықтың жайылым жерлерге мұқтаждығын мемлекеттік қажеттілікке жатқызу қарастырылып отыр.