Өңірде 1637 студент жатақханаға мұқтаж. Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде өңір басшысы Асқар Мырзаxметовтың төрағалығымен өткен жиында айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Басқосуда күн тәртібіндегі жоғары оқу орындары студенттерінің жатақханамен қамтылу жайы сөз болды. Бүгінгі таңда облыста 3 жоғары оқу орнының екеуінде жалпы сыйымдылығы 1264 орынға арналған жатақхана бар. Ал жатақханаға мұқтаж 1637 студент анықталған. Атап айтсақ, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік универсетінде жатақханаға қажеттілік – 657 орын, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде – 780, ТИГУ-да – 200 орын жатақханаға қажеттілік туындауда. Сонымен қатар, облыста 3 колледж студенттері үшін 750 орындық жатақхана салу қажеттілігі бар. ТарМУ мен ТарМПУ-де бұл мәселенің шешілу жолдары қарастырылып, жатақхана салу көзделуде. Ал ТИГУ «Тараз» қонақ үйін сатып алу арқылы жатақхана мәселесін шешіп отыр. Өз кезегінде колледждер де осы орайда жұмыстар жүргізуде.
Сонымен қатар, жиында «Шағын несие беруді көбейту», облыс тұрғындарын газдандыру бастамалары негізінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы да кеңінен айтылды.
Айта кетейік, «Мектепке тағзым» акциясы барысында демеушілер тарапынан 258 млн.теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіліп, 719 сынып кабинеті (интерактивті тақталар-12, шкафтар, сөрелер т.б.-690, компьютер-17), 50 мектептің спорттық алаңдары жабдықталды, 10 мектепке музыкалық аспаптар табыс етілді.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылық және өнеркәсіп бағытында 2 заманауи облыстық колледждер құру қолға алынды. Бюджетті нақтылау кезінде осы мақсатта 500 млн.теңге бөлінді. Жастарымыздың ұлттық құндылықтарымызды сіңіруі маңызды. Осы ретте, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Дулатитану», Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталықтары жұмыс істеуде.
Қазақ киносы мен театрының майталманы Асанәлі Әшімовтің мәдени орталығын ашу жоспарланып отыр. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Абайтану», «Дулатитану», «Өлкетану» элективті курстары, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «Мәңгілік ел», «Ұлт дәстүрлері» курстары, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде «Шерхантану» курсы енгізілді.
Осылайша, халық арасында ұлттық сананы жаңғыртып, ұлтымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын насихаттау арқылы халықтың рухани-мәдени сұранысы қанағаттандырылмақ.