2018 – 2020 жылдарға арналған «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» бағдарламасы аясында және Республикалық Денсаулық фестиваліне орай, Жамбыл облысы Төтенше жағдай департаменті Өрт сөндіру мекемесі және облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен өрт сөндіру мекемесінің спорттық алаңында «Денсаулық фестивалі — 2018» және «Жүрек қантамыр ауруларын алдын аламыз» атты арнайы акция өткізілді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Аталмыш шараны Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру мекемесінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ермек Момбаев құттықтау сөзімен ашты. Ол өз сөзінде «Қызмет барысында адам құтқарып, тілсіз жаумен арпалысып, белімен су кешетін төтенше жағдай саласындағы жігіттер үшін денсаулықтың қадірі аса маңызды екендігін, ал спорт — денсаулық кепілі екендігін еске салып, бүгінгі іс-шараға өз жүйріктерін сайлап, додаға қосқан қалалық өрт сөндіру бөлімдерінің жігіттеріне сайыста сәттілік тілеймін!»- деді.
Жыл сайын дәстүрлі түрде күздің алғашқы айында өткізілетін бұл іс-шараның мамандар үшін берері көп. Фестивалдің басты мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттау, азаматтарды спортпен шұғылдануға және зиянды әдеттерден бас тартуға шақыру. Қатысушылар спорттың асық ату, арқан тарту, армрестлинг, жерден кері итерілу, гір көтеру түрлерінен сайысқа түсті. Спорттық шара барысында төтенше жағдайлар департаменті мамандары тапсырманы жылдам орындау сияқты түрлі жаттығулар жасады.
Жарыс қорытындысы бойынша, Тараз қ. №3 Өрт сөндіру бөлімінің құрама командасы үшінші орынды иеленсе, жүлделі екінші орынды қалалық №15 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі жеңіп алды. Сондай-ақ, №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің құрама командасы жүлделі бірінші орынды алса, қалалық №1 Өрт сөндіру бөлімі бас жүлдеге ие болды. Өз кезегінде жеңімпаздар мен қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.