Бүгін 30 жылға жуық тарихы бар «Jambyl» телеарнасы жаңа маусымын бастады. Осыған орай, Достық үйінің мəжіліс залында телеарнаның жаңа маусыммен таныстыру презентациясы өтті. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Алғашқы құттықтау сөз «ҚАЗАҚСТАН» РТРК АҚ өндірістік орталығының директоры Меруерт Құмароваға берілді. Жаңа маусымның салтанатты ашылу рəсімімен Жамбыл облысы əкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уəли де құттықтады.
Келесі сөз кезегін алған «Jambyl» телерадиосының директоры Жасұлан Əбдіманап жаңа маусымдағы жаңа жобалармен таныстырды. Сондай-ақ, облыстық филиалдарға жаңа маусымның презентациясымен таныстыруға мүмкіндік берген «QAZAQSTAN» телерадиокорпорациясының директоры Ерлан Каринге алғысын білдірді.
«Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясының құрамындағы «Qazaqstan», «Qazsport», «Balapan» телеарналары жаңа маусымды бастап кетті. Тағы бір жаңалық, «Қазақстан» корпорациясының құрамына жаңадан «Tamasha tv» қосылды. «Жамбыл» телерадиоарнасының 1 ғасырға жуық тарихы бар. Сонау, 1921 жылы «Әулиеата» радиоторабы тұңғыш рет хабар тарата бастаған. Ал, облыста телеарна 1989 жылы алғаш рет эфирге шықты.
Қазіргі таңда «Jambyl» арнасы тәулігіне 17 сағат эфирге шығады. Оның 60% телеарнаның өнімі. Аптасына 30-дан аса телебағдарлама және күн сайын «Жаңалықтар қызметі» 3 мәрте тікелей эфирге шығып отырады. Ал, Жамбыл радиосы күн сайын FM100.8 жиілігінде 16:00-18:00 аралығында 2 сағат хабар таратады.
Жаңа маусымда көрермен екі сағаттық тікелей эфирдегі «Рауан» бағдарламасын тамашалайды.
Сондай-ақ, «ALAMAN» пікір сайыс бәйгесі де көрермен көзайымына айналар хабар болады деп күтілуде. Оны Тараз қалалық мәслихатының депутаты Серікбол Берікқожа мен Ернұр Мадияров жүргізеді. «G’asyr kery’eni», ел дамуы жолындағы жетістіктерді насихаттайтын «Damy’.kz», «Достық дастарханы», «Кеш жарық» жобасы телеарнаның көрерменге арналған ерекше жобалары болмақ.
Айта кетейік, көрермен сұранысын ескерген телеарна қысқа бейнероликтік жобалар дайындап, 2019 жылдан бастап толықтай цифрлы жүйеде хабар таратуға көшеді.