Облыста «Даму» қоры 4 бағдарламаны жүзеге асыруда. Бұл туралы Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «ӨКҚ» алаңында Жамбыл облысындағы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өңірлік филиалының директоры Бақытжан Исақов айтты, — деп хабарлайды «Zhambylnews» Ақпараттық Агенттігі.
Аталған қор мемлекеттік қолдаудың жан-жақты және тиімді құралдарын енгізу арқылы Қазақстандағы микро, шағын және орта кәсіпорындардың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік қаржы институты болып табылады.
Қазіргі уақытта «Даму» қоры төмендегі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда:
1. «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті дамыту мен қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы.
2010 жылдан бері іске асырылып келеді және оны жүзеге асыру барысында Даму Қоры қаржы агенттігінің функцияларын орындайды.Бағдарлама жүзеге асқаннан бері Жамбыл облысында 600-ден астам кәсіпкер қолдау алған.
Айта кетейік, 2013 жылы консультациялық қызметтерді көрсету үшін «Даму» қорында кәсіпкерлікті қолдау орталығы ашылған. Орталық «Даму» қорының бағдарламаларын ғана емес, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымдарына да мемлекеттік қолдау құралдары бойынша кеңес береді.
2. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы.
Бағдарлама 2017 жылыдан бастап жүзеге асып, бағдарлама шеңберінде 2018 жылғы қаражат есебінен барлығы 104,6 млн. теңгеге 10 несие беріліп, олардың барлығы Тараз қаласында жобаларды іске асыруға бағытталған. 3 жоба бойынша Қордың кепілдіктің жалпы сомасына кепілдік берілгені — 18,7 млн. теңге. Жамбыл облысында бұл бағдарлама үш қалада жүзеге асырылуда: Тараз, Қаратау және Жаңатас.
3. Өңдеу өнеркәсіп саласындағы шағын және орта бизнесті қолдауға арналған бағдарлама.
Бұл бағдарлама 2014 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Даму Қоры өңдеу өнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлерді жеңілдікті шарттармен несиелеу үшін, екінші деңгейдегі банктерге қаржы бөлінген. Нәтижесінде 17 млрд. теңгеге 47 кәсіпкер қолдау алып, оның 12 кәсіпкері осы жылы 2 277,7 млн.теңге сомасындағы қаржылық қолдауға қол жеткізіп отыр.
4. «Береке-3» шағын және орта кәсіпкерлікті өңірлік қаржыландыру бағдарламасы
Айта кетейік, облыста жеңілдікті қаржыландыру көлемін ұлғайту мақсатында, Жамбыл облысы әкімдігімен Даму Қоры бірлесіп тепе-теңдік негізде қаражат бөлуді көздейтін «Береке» өңірлік бағдарламасын әзірлеген.
Жалпы, «Береке-1» бағдарламасы шеңберінде 14 кәсіпкер, «Береке-2» бағдарламасы шеңберінде 40 кәсіпкер несиелендіріліп, «Береке-3» бағдарламасын іске асырудың нәтижесінде 50-ге жуық жобаны несиелендіру жоспарланған.