Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов өзінің қарамағындағы орынбасарлары мен бөлім басшыларымен түнгі рейдке шықты. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Рейд барысында Ниетқалиев, Қойгелді көшелерінде жүргізіліп жатқан жылу магистралдарінің жұмыстарымен танысты.
Сондай-ақ, қаладағы кейбір сауда орындарының талапқа сай емес қызметі де көзге бірден түсті. Жедел дайындалатын тағам сататын дүңгіршіктердегі санитарлық жағдай сын көтермейді. Бірінің құжатты болмаса, енді бірінің айналасы қоқысқа толы. Түнгі уақыт болса да кәмелетке толмаған жасөспірімдер базарда сауда жасап жүр. Ғалымжан Әбдірайымов тәртіп сақшыларына бақылаусыз жүрген балалар мен ата-аналарын қатаң тексеруді тапсырды.
Бұдан өзге жастардың көп шоғырланатын түнгі клубтары мен көшенің түнгі жарықтандыру, бағдаршамдар мен жол белгілері, осыған сәйкес, тексеріс кезінде көзге түскен кемшіліктерді жою жауапты мамандарға тапсырылды. Мұндай бақылау шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатын болады.

Еске сала кетейік, шілде айында шаһар басшысы қаладағы түнгі жарықтандыру бойынша рейд жасаған болатын. Тексеріс барысында Б.Момышұлы көшесіне мұндағы «Жансая» кафесінің 2 әріпі жанбай тұрғаны анықталды. Аялдамада тауық сатып тұрған дүңгіршектегі әйел, халатсыз, санитарлық кітапшасы жоқ, кір – қожалақ күйінде тауық сатуда. «Бақыт» дүкенінің жанында сыра дүңгіршегі қойылған мұнда кәуап сатылуда. Электр жарығының сымы от үстінен өткізілген, жалын тиген сымдар әбден қарайып, өрт қаупі төніп тұр. «Жансая» мөлтекауданы 30 үйдің жанында қымыз сататын киіз үй тігілген. Киіз үй ішінде су, ыдыс аяқтар жуатын орын жоқтың қасы. Жанында «Оңтүстік» әлеуметтік-азық түлік корпорациясының дүңгіршегі орналасқан. Дүңгіршектің түрінен ақ мұндағы тұрғындар шошып, кірмейтін болуы керек, ішінде бұршақ пен қара құмықтан басқа азық-түліктің қарасы көрінбейді. Сыртқы келбетіндегі жазу да жоқ, бетондалмаған, жан-жағы лас, шөп қаулап кеткен, арық тазаланбаған. Сыртта күн астында сүт сатылады екен. «Қайқармет» базарының қарсысында «Әмір и Д» дәріханасының «Ә» әрпі түнгі жарығы сөніп тұр. Мұнда 4 дүңгіршек орналасқан. Қала әкімі осы дүңгіршектерді бір келбетті етуді дүңшіршек иелеріне ұсынуды сәулет және қала құрылысы бөліміне тапсырды. Автобус тұрағы жанында вулканизация жұмыс істеуде. Қала әкімі «мұндай вулканизация 19 ғасырда да болмаған шығар» деп таңданысын жасырмады. Сыртқы келбеті ұсқынсыз ғана емес, жанынан кафе құрылысы жүргізілуде. Қала әкімі жер қатынастары бөліміне жер телімінің иесін анықтап, тексеру жұмыстарын жүргізуді тапсырған болатын.