Таразда қоғамдық көліктердің мәселесі ретке келтіріледі

0 5

Аймақ басшысы қоғамдық көліктердегі бей-берекетсіздіктерді ретке келтіру үшін бірқатар тапсырмалар берген болатын. Осыған орай, қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың қатысуымен жиын өтті. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Жиында  қоғамдық көліктерге қатысты біраз мәселе қозғалды. Атап айтсақ, автобустардан будақтап қара түтін шығуы, қалай болса солай жүруі сынды мәселелер қозғалып, шешімдеріде айтылып жатты. Мәселен, будақтаған қара түтіннің шығуына жанармай құю бекеттеріндегі отынның сапасыздығы бірден бір себеп. Дегенмен бүгінде бензин отынымен жүретін автобустарды табиғи газға ауыстыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатырғандығы айтылды.

Сонымен қатар,   жол полиция қызметкерлерінің қоғамдық көліктерді бей-берекет тоқтатып, тексерісті көбейтіп жібергендігі де сөз болды. Қала әкімі кемшіліктерді түзетіп, оны болдырмау мақсатында бірігіп жұмыс жасауға шақырды.

Бүгінгі таңда  шаһарда 10 жолаушы тасымалдаушы мекемеде күнделікті 43 бағыт бойынша 465 бірлік автобус пен шағын автобустар қызмет етеді.

Жалпы, тіршілігі қарбаласқан қала үшін жолаушылар тасымалының орны ерекше. Әрине, машақаты да жоқ емес. Сондықтан, қызмет көрсету сапасы сұранысқа сай болу үшін, әрі халық көңілінен шығу үшін автопарктерді жаңғыртып, көліктерді жаңалап тұрудың маңызы зор. Бұл тұрғыда жыл сайын автопарктерді жаңалап отыру мәселесі өзінің өзектілігін жоймақ емес.

– Биыл қаладағы қоғамдық көліктерді 64 дана жаңа автобуспен толықтырсақ деп жоспарлағанбыз. Бүгінгі күнге дейін 25 автобус сатып алынды. Олардың бесеуі «ӘулиеатаТрансПасс», жиырмасы «№1 Тараз автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне тиесілі. Сонымен қатар, жыл соңына дейін «ТаразТрансМоторс» ЖШС-не – 11, «Экспресс-05» ЖШС-не – 18, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС-не 10 дана орташа және үлкен сыйымдылықты автобус сатып алуды жоспарлап, тиісті жұмыстарын жүргізудеміз, – дейді Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Жақсылықов.

Бүгінгі күнде қалада жолаушыларға қызмет көрсетіп жүрген автобустардың барлығына нақты уақыт режимінде бақылап отыру үшін GPS жүйесі орнатылған. Ол арқылы қоғамдық көлік қозғалысын taraz-bus.kz сайтынан және мобильді қосымшасынан онлайн режимде көріп отыруға болады.

– Сонымен қатар, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын, мәдениеттілігін жоғарылату мақсатында үстіміздегі жылдың басынан автобустардың ішіне автоматты хабарлау құрылғылары орнатылуда. Бүгінде ондай құрылғы 75 автобусқа орнатылды. Жыл соңына дейін тағы 200 данасын қоятын боламыз. Бұл құрылғы арқылы жолаушылардың түсетін, мінетін аялдамалары, қалта ұрлығынан абай болу керектігі, жол жүру билеттерін алу туралы ақпараттар автоматты түрде үздіксіз хабарланып отырады, – деп толықтыра түсті Б.Жақсылықов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.