Жыл басынан жалпы сомасы 5,4 млрд. теңгені құрайтын бірқатар нысандар құрылысының басталуы жоспарлануда. Оның ішіне 5 қонақ үй, 5 мейрамхана, 2 киіз үй қалашығы мен үлкен үміт артылып отырған тау-шаңғы базасы кіреді. Бұл туралы Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «ӨКҚ» алаңында өткен брифингте облыс әкімдігінің туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова мәлемдеді,- деп хабарлайды “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі.
Арнайы туристік аймақтар құру бойынша инвесторлар, меценаттар, қаржы институттары арқылы тартылған қаражат есебінен 5 туристік аймақ құрылуда: «Қаралма» тау-шаңғы базасы, Шахристан аумағындағы облыстың негізгі туристік нысандарын көрсетуге арналған «Show-room»-ы бар «Көне Тараз шеберлері» қолөнершілер қалашығы, «Төрткөл» керуен сарайындағы «Қазақ ауылы» тарихи-мәдени орталығы, «Айша Бибі» және «Қарахан» кесенелері мен «Әулие Бастау» сауықтыру орны кіретін тарихи-археологиялық кешені», «Ақыртас» сарай кешені («Ақыртас» кешені ғимаратының аяқталған бейнесі).
Сондай-ақ, облыстың 33 туристік нысаны кірген 12 туристік маршрут әзірленді, аталған нысандарда мемлекеттік стандартқа сай келетін қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі көрсеткіштер мен ақпараттық стендтер орнатылды.
Ағымдағы жылы трансшекаралық туристік маршруттарды дамыту бойынша Қырғызстан мемлекетінің Талас және Ыстықкөл облыстарын Жамбыл облысымен байланыстыратын «Ұлы Жібек жолындағы туризм» трансшекаралық туристік маршруты құрылды. Бірыңғай маршрут аймағымызға қосымша туристерді тартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жобалық басқарудың «Ішкі және кіру туризмін дамыту» жобасы аясында Талас Алатауының 3200 метр биіктігінде орналасқан, жобалық құны 3 млрд. 355 млн. теңгені құрайтын, «Қаралма» тау-шаңғы базасы» туристік аймақ құру жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда құрылысқа 274 га жер телімі бөлініп, электр қуатымен жабдықтау, газофикация мен су құбырын жүргізу инженерлік коммуникациялары өтетін жерлері анықталып, 7 шақырым автожол құрылысы аяқталды. Аталған туристік аймақта туристерге барлық спорттық-сауықтыру және мәдени-ойын-сауық қызметтері көрсетілмек. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда ішкі және кіру туризмі бойынша туристік ағым орта есеппен 45 000 туристке көбейеді деп күтілуде.
Тағы бір жаңалық. Үстіміздегі жылы туристік мүмкіндіктерді дамыту аясында көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылады. Олар: жобалық құны 92 млн. теңгені құрайтын «Баласағұн» (5,5 км.) қалашығына, жобалық құны 168 млн. теңгені құрайтын «Тау қымыз» (5,5 км.) емдік-сауықтыру орталығы» туристік кешеніне алып баратын жобалар. Құны 35 млн. теңгені құрайтын «Әулие Бастау» (1,7) әулие бұлағына апаратын жолдың құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта бұл жобалардың жобалық сметалық құжаттамалары мен техникалық экономикалық негіздемелері әзірленіп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Аталған жобалардың іске асырылуы туристердің үлкен легіне туристік нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз етіп, тарихи-мәдени, медициналық және зиярат етушілер туризм түрлерінің дамуына өз әсерін тигізеді.