Жамбыл облыстық қазақ драма театрының 83-ші жаңа маусымының ашылуына орай, 2018 жылдың 3 қазаны сағат 18.30-да және 4 қазан сағат 16.00-де жазушы-драматург Мархабат Байғұттың «Асқаровтың аққайыңдары» атты драмасының премьерасы болады. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Драманың қоюшы-режиссері – Халықаралық Ш.Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты, белгілі режиссер Қуандық Қасымов. Қоюшы-суретшісі – ҚР Мәдениет саласының үздігі Рахат Сапаралиева.
Драмада белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың кеңестік дәуірдің соңғы жылдарындағы қиын-қыстау тағдыр жолы баяндалады.
Көрермен Асанбай Асқаровтың басынан өткен осынау ауыртпалықтар арқылы Кеңес дәуірінде орын алған «көлеңкелі» іс-әрекеттерден де мағлұмат алады.
Мықтылардың тағдыры ешқашан оңай болмағаны – тарихтан да белгілі жәйт. Ол, бәлкім, тарихи құбылыс та шығар. Осылай болуы, кейде, заңдылық та сияқты көрінеді. Өйткені, мықты болу оңай емес. Драма оқиғасында Асанбай Асқаров ағамыз сондай мықтылықты, қиындықты бастан кешіп, соның бәрін де жеңіп шығады.