Жамбыл облысында Мәди Шәутіұлына ескерткіш ашылды

0 11

Жамбыл облысы Сарысу ауданында дәулескер күйші Мәді Шәутіұлына ескерткіш ашылды. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Игілік ауылындағы күйшінің тас тұлғасын белгілі мүсінші Алтай Бейсенов сомдаған. Ескерткіштің салтанатты ашылуына қарымды қаламгерлер мен қазақ музыкасының жанашырлары жиналды. Туған жерге туын тігіп, ауылдағы жарқын іске ат салысқан азаматтар күйшінің таспаға жазылған альбомын ауыл тұрғындарына тарту етті.

Ұйымдастырушылар атақты күйшінің туып-өскен ауылында еңселі ескерткіштің бой көтеруі ұлттық құндылығымызды ұлықтауға септігін тигізеді дейді.

Маралтай Ыбыраев, ақын:

— Артына мол мұра қалдырды. «Qazaq radiosy»-ның алтын қорында өзі орындаған 24 күйі сақтаулы. Сондықтан да, бұл кісіге қандай да құрмет көрсетсек артық етпейді. Осы кісіні ұрпақтың жадында жаңғырту мақсатында «Мәді» дейтін кітапты құрастырдым.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған шара мәдениет үйінде жалғасын тапты. «Көненің көзі — Дәулескер Мәді» атты ғылыми конференцияда күйшіге арналған кітаптың  тұсаукесер рәсімі өтті. Кітапты таныстарған музыка зерттеушілері мен педагог-ғалымдар Мәді Шәутіұлының өмірі мен өнері жайлы сыр шертті.

Абдулхамит Райымбергенов, «Көкіл» өнер мектебінің директоры:

— Көптеген күйлері нотаға түсті, қазір тек нотаға түсіп қана қоймай, концерваторияларда оқу бағдарламасына енді. Мәді ақсақалдың тартқан күйлерін концерватория студенттері тартып жүр. Міне, бүгін Игіліктегі үлкен шарада Мәді ақсақалға арналған ескерткіш орнатылып, Мәді ақсақалға арналған кітап шығап, ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр. Мұның барлығы да өскелең ұрпаққа, болашақ ұрпаққа қажет деп ойлаймын.

Мәді Шәутіұлы 1909 Жамбыл облысы Сарысу ауданында туған. Домбыраны жеті жасында елге аты мәлім Қосқұлақ Пірімбеттен үйренеді. Жас өнерпаз елге танылып келе жатқанда шешек ауруына душар болып, екі жанарынан айырылады. Алайда, тағдыр тауқыметімен күресе білген жан талантының арқасында талай күйлерді шығарып, өскелең ұрпаққа мұра етіп қалдырды. 1995 жылы дүниеден озған күйшінің репертуарында қобыз сарынмен үндестік тапқан көне аңыз-күйлерден бөлек, «Ерке атан», «Бозайғыр», «Ақсақ қыз», «Тепең көк», «Қара жорға» күйлері бар.

Дереккөз: kaztrk.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.