Жамбыл облысында өңірлік қоғамдық кеңестердің бірінші форумы өтті. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Форумға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросының Жамбыл облысы бойынша департаменті басшылығы, Облыстық, Тараз қаласы мен аудандардың қоғамдық кеңес төрағалары, хатшылары және мүшелері, облыстық, Тараз қаласы мен аудандардың арнайы мониторингтік топ басшылары мен мүшелері, орталық атқарушы органдардың аумақтық департаменттерінің басшылары, облыс әкімдігінің басқарма басшылары, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, қоғамдық бірлестіктер, бұқаралық ақпарат құралдардың өкілдері қатысты.
Жиын барысында қоғамдық кеңестердің әлеуетін кең көлемде қолдану мәселелері, мемлекеттік органдарымен өзара іс-әрекеті, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету мен есеп беруі, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы «нөлдік төзімділікті» қалыптастыру, сондай-ақ, арнайы мониторингтік топтың жұмыстары талқыланды.
Қаржаубай БЕКБОЛАТОВ – ТАРАЗ ҚАЛАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ
— Өткен қоғамдық кеңес отырысында Тараз қалалық әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының 2017 жылы атқарған жұмысына жүргізілген мониторинг барысы талқыланды. Нәтижесінде мұндағы қысқа мерзімді курста оқып шыққан 86 адам жоқ болып шықты. Олардың ары қарай жұмысқа орналаспағаны да анықталды. 1262 азаматтың ішінен тұрақты 246 дам ғана жұмыспен қамтылса, 1416 азамат тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілмеген, оларға уақытысында оқыған кезде мемлекеттен стипендия алып тұрған.
Жиында мұнан өзге арнайы мониторингтік топтың жұмысы баяндалып, облыс аумағында орын алған сыбайластық іс-әрекеттер жайында деректер келтірілді. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен барша болып күресу жайы қозғалды.
Қасымхан ТӨЛЕНДИЕВ – «ЖАҢАРУ» СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫ» РҚБ ЖОФ ДИРЕКТОРЫ
— Ішкі істе органдарының орта буындағы құрамымен cыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ішкі істер министрлігінің облыстағы мамандандырылған күзет қызметі басқармасының жеке құрамымен жемқорлыққа қарсы заңнаманы түсіндіру, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын қатаң сақтау туралы арнайы жиын өткізілді. Бұдан былай Ұлт жоспарының 31-ші қадамына сәйкес, этикалық нормаларды бұзуға жол берген полицейлердің іс-әрекеттеріне шағымданған азаматтардың арызы облыстық қоғамдық кеңесте қаралатын болады. Жасыратыны жоқ, халық арасында тендерге байланысты түрлі әңгіме жүретіні белгілі. осыған орай, екі ұсыныс айтар ем. Мемлекеттік сатып алу тендерін жеңіп алған заңды тұлға бастаған жұмысын аяғына дейін толық, сапалы орындап тапсырса, оған мемлекет тарапынан жұмыс көлемінің 5-10 пайыз көлемінде сыйақы төленсе. Бұл – тендерлік конкурсқа қатысқандардың жұмысын таза, сапалы және толық орындауға ынталандыру-мотивация мүмкіндігі болар еді.
Форум қорытындысы бойынша мемлекеттік дамудың бүкілхалықтық индикаторларының облыс аумағында өз дәрежесінде іске асырылуына үздіксіз қоғамдық бақылау жасау, әлеуметтік желіде жарияланған полиция қызметкерлерінің әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша қолданылған шаралар туралы материалдарды жариялап отыру, мемлекеттік орган және оған бағынысты мекемелер қызметінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу тәжірибесін зерделеп, аталған жұмыстарды жандандыра түсу туралы ұсыныстар жасалды.