Тараздықтар «Асқаровтың аққайыңдарын» тамашалады

0 8

Жамбыл облыстық қазақ драма театрының 83-ші жаңа маусымы жазушы-драматург Мархабат Байғұттың «Асқаровтың аққайыңдары» атты драмасының премьерасымен ашылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Премьераны тамашалауға драма авторы, жазушы-драматург Мархабат Байғұт бастаған бірқатар өнер қайраткерлері мен еңбек ардагерлері, сондай-ақ, Алматы облысы мен Меркі ауданынан Асанбай Асқаровпен қызметтес болған жолдастары, туыс бауырлары келді. Сонымен қатар, облыс, қала әкімдігі басшылары, облыстық басқармалардың жетекшілері, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысты.

Драмада белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың кеңестік дәуірдің соңғы жылдарында тоталитарлық режимнің қуғын-сүргініне түсіп, басынан өткерген қиын-қыстау тағдыр жолы баяндалды.

Сондай-ақ, қойылымда  Кеңес дәуірінде орын алған «көлеңкелі» іс-әрекеттерден, Асқаровтың Қазақ елінің болашағы үшін аянбай күрескен істері де көрініс тапты.

Драманың қоюшы-режиссері – Халықаралық Ш.Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты – белгілі режиссер Қуандық Қасымов. Қоюшы-суретшісі – ҚР Мәдениет саласының үздігі Рахат Сапаралиева.

Қойылымда Асанбай Асқаров образын театр артисі, ҚР Мәдениет қайраткері Жүніс Әлімбеков барынша шынайы шығарса, Асқаровтың жұбайы Фатима ролін артист Индира Мұстафаева да бар шеберлігін салып, ерекше сомдап шықты.

Сондай-ақ, КПСС Орталық Комитетінің Саяси бюросының мүшесі Соломенцевті сомдаған артист, Республикалық театр фестивалінің лауреаты Мәлік Ақүрпеков, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің полковнигі Золин ролін сомдаған артист Мәмбет Қожалиев, тергеуші Калиниченко роліндегі артист Жандар Қырықбаев, түрме бастығы, ішкі істер қызметі полковнигі ролінде ойнаған ҚР еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхан, сот төрайымының роліндегі артист Жадыра Құлтаева, Ана бейнесін сомдаған Қазақстанның халық артисі Мәкен Рахымжанова және тағы басқалар өз кейіпкерлерінің бейнесін барынша шынайы ашып, жеткізе білді.

Мерекелік кеш соңында туындының авторы Мархабат Байғұтқа театр ұжымы шапан жауып, өз алғыстарын білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.