Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдауында қазақстандықтардың ең төменгі жалақысын бір жарым есеге өсіруді тапсырды. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында мәлім етті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпарат Агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
«Үкіметтегілерге 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап минималды жалақыны бір жарым есеге — 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын. Бұл әрбір қазақстандық үшін көмек болады. Бұл барлық салада, түрлі меншікті кәсіпорындарда жұмыс істеп жүрген 1,3 миллион адамның жалақысын өсіреді», — деді Президент.
Еске сала кетейік, кеше, Назарбаев Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауын жариялайтыны хабарланған еді.
«Биыл 5 қазанда Нұрсұлтан Назарбаев Ақорда резиденциясында Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауын жариялайды», — делінген еді хабарламада.