Қазіргі білім беру инфрақұрылымының базасы негізінде Назарбаев Университет үлгісі бойынша тағы бір аймақтық ЖОО ашу керек. Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
— Жоғары білім саласында оқу орындарына талаптар қатая түседі. Гранттардың санын өсірдік. Ендігі кезекте жауапкершілікті арттыратын уақыт келді. ЖОО-ның табыстылығының басты талабы — оқу біткеннен кейін студенттердің жұмыспен қамтылуы, олардың жоғары айлығы бар жұмысқа орналасуы болмақ. Университетті бітіргеннен кейін — түлектердің халі не болды, оларды айлығы жақсы жұмысқа қабылдады ма? Солай болса, демек, университет мықты деген сөз. Олай болмаса, бұл университеттің өміршеңдігі де жоқ. Ол университет балалардың түспейтінін білуі тиіс, — деді Президент.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында Білім және ғылым министрімен сөйлескенін айтып өтті.
— Осы жылы барлық университеттер түлектерді шығарды. Қай университеттен қаншасы жұмысқа орналаса алды? Ол туралы жариялы түрде айтып, баспаға жариялап, телевидениеден де көрсету керек. Міне, сондықтан ЖОО-ларды ірілендіру саясатын жүргізу керек. Біздің елде 130-дан астам университет бар. Шыны керек, олардың саны бұрын 200-ге жуық еді. Әлбетте, ЖОО-ларға қарсы емеспін, кімнің қайда оқысы келсе, сонда оқысын. Бірақ, ешкімге қажет болмай қалатын адамдарды дайындаудың, жай диплом бере салудың керегі не? — деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев дәл осы жерде сыбайлас жемқорлықтың да қылаң беретінін еске салды.
— Нарықта тек жоғары білім бере алатын ЖОО-лар қалуы керек. Жаһандық университеттермен ынтымақтастықты жалғастырып, Назарбаев Университеттің тәжірибесі бойынша әлемнің үздік топ-менеджерлерін тарту керек. Әлбетте, Назарбаев Университетке қомақты қаражат бөлініп жатыр деуі де мүмкін. Бірақ, басқа университеттер — Алматыдағы Экономика және сауда университеті ме еді — тартып жатыр ғой. Олар да сәтті жұмыс істеуде. ҚазМУ-да солай сәтті жұмыс бабында. Қазіргі білім беру инфрақұрылымының базасы негізінде Назарбаев Университеттің үлгісі бойынша тағы бір аймақтық ЖОО ашу керек деп есептеймін, — деді Президент.