Жалақыны өсіру үшін облыс бюджеті қайта қаралады. Бұл туралы бүгін «Баласағұн» ОКЗ-да өтіп жатқан жиында облыс әкімі Асқар Мырзахметов айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
— Бірінші басымдыққа сәйкес, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 101 мыңға жуық қызметкер үшін ең төменгі жалақыны 28284 теңгеден 42426 теңгеге дейін өсіру үшін облыстық бюджеттің кірістері мен шығыстары қайта қаралатын болады. Бұл бюджеттен төленетін төлемдер бойынша. Осыған орай, бизнес өкілдері де бұл шешімді қуаттау үшін, еңбек өнімділігін арттырулары қажет. Екіншіден, Жолдауда бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау қажеттілігіне басымдық берілген. Сондықтан, кәсіпкерлік басқармасы мен аудан, қала әкімдері қабылданған шаралардың ауқымын кеңейтіп, бағытталған жұмысты күшейтетін болады, — деді облыс әкімі.