Бүгінде Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 183 кәсіпорын жұмыс істеуде. Бірақ сапалы, терең өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың саны аз. Олардың санын көбейту үшін осы жылы жүзеге асатын 4 жоба өңірдің арнайы картасына енді. Бұл туралы өңір басшысы Асқар Мырзахметов “Баласағұн” ОКЗ-да өткен жиында айтты, – деп хабарлайды “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі.
Жыл басынан 1,8 мың тонна ет экспортқа шығарылды. Бұдан бөлек, құны 8 млрд.теңгені құрайтын 7 инвестициялық бастама қолдау тапты. Дегенмен, бұл бағытты одан ары дамыту қажет. Бұл үшін өңірдің мүмкіндіктері бар, жер ресурстары да, ауа-райы да қолайлы. Тек тиімді жұмыс атқару қажет. Замануи агротехнологияларды ауқымды тарту үшін мемлекеттік қолдауды тікелей осыған байлауымыз керек. Қажет болған жағдайда қолданыстағы ережелерге өзгерістер енгізілетін болады.
Ауыл шаруашылығымен айналысатын немесе айналысам деушілерді жаппай оқыту үшін үлгілі шаруа қожалықтарының базасын жасақтап, республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат аясында (5,9 млрд.тг) қосымша нақты жоспар әзірлейміз.
Осы орайда құрылып жатқан заманауи тұрғыдағы облыстық агроколледж де бұған өз үлесін қосатын болады.
Айта кетейік, Жолдауда агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және қайта өңделген өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту міндеті тұр.