Өңірде құны 1 млрд. АҚШ долларын құрайтын 13 жоба іске асырылуда

0 1

Жамбыл облысында құны 1 млрд. АҚШ долларын құрайтын 13 жоба іске асырылуда. Бұл туралы бүгін “Баласағұн” ОКЗ-да өтіп жатқан жиында облыс әкімі Асқар Мырзахметов айтты, деп хабарлайды “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі.

Жолдауда Елбасы Үкіметке өңдеу секторындағы экспорттаушы кәсіпорындарға қолдау көрсетуге баса мән беруді тапсырған болатын. Осыған орай, облыс әкімі Асқар Мырзахметов:

— Шикізаттық емес секторға салынған инвестициялар 87 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 13,3%-ға артқанын атап өтуге болады (75,1 млрд.тг.) Ал, инвестициялардың ай сайын өсуінің оң үрдісі жеке меншік капиталының 30%-ға (68,8 млрд. теңгеден 92,2 млрд. теңгеге өсуі) өсуімен байланысты. Бұл әрине жақсы үрдіс. Қазіргі таңда облыста шетелдік инвесторлардың қатысуымен құны 1 млрд. АҚШ долларын құрайтын 13 жоба іске асырылуда, — деді.

Сондай-ақ, облыс әкімі  жыл соңына дейін 6 жоба іске қосылатынын атап өтті.

— Жыл соңына дейін 6 жоба іске қосылады. Жобалардың ішінде экспортқа бағытталған Казфосфаттың аммофос өндірісінің көлемін көбейту жобасын атап өтуге болады. Шикізаттық емес секторға серпінді жобаларды іске асыру үшін Елбасы шетелдік инсвесторлармен бірлесіп, тікелей инвестиция Қорын құру мәселесін қарастыруды тапсырды. Осы Қормен тиісті байланыс ұйымдастыру үшін, облыстағы инвестиция тарту саясатын күшейту мақсатында, биыл қайта құрылған «Инвесторларға қызмет көрсету орталығының» жұмысы күшейтілетін болады, — деді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.