Облыста білім мекемелерінің 90 пайызы бейнебақылау камераларымен жабдықталған

0 3

Жамбыл облысында білім мекемелерінің 90 пайызы бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Бұл туралы бүгін “Баласағұн” ОКЗ-да өтіп жатқан жиында облыс әкімі Асқар Мырзахметов айтты, — деп хабарлайды “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі.

Елбасы тапсырмасына сәйкес балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектептер мен балабақшаларды 100% бейнебақылау камераларымен қамту шаралары қолға алынады. Бүгінгі күні облыстағы 912 білім мекемелерінің 818-де, яғни 90 пайызында бейнебақылау камералары орнатылған. (Облыстағы 446 мектептің 21-де (4,7%) және 355 балабақшаның 8-де (2,2%) бейнебақылау камералары орнатылмаған).

Мемлекет басшысы ұстаз беделін арттыру мәселесін ұдайы көтеріп келеді. Жолдауға сәйкес келесі жылы «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылданады. Заңда педагогтың әлеуметтік мәртебесін көтеретін стимулдар, оқу жүктемесін азайту, қажетсіз тексерістерді азайту мәселелері көрініс табатын болады.

Биыл педагогтарға ұлттық біліктілік сынағы енгізілді. Аттестациялау нәтижесінде облыстың 2 мыңнан астам мұғалімінің лауазымдық жалақысына 30-дан 50%-ға дейін қосымша үстемақы биылғы 1 қыркүйегінен бастап төленуде. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ беретін 16 мыңнан астам (65%) мұғалімнің жалақысы 30%-ға көбейді. Мұның барлығы мұғалім беделін арттыруға бағытталған.

Елбасы алға қойған басты міндеттің бірі — қазіргі және келешектегі нарық сұранысына сай маман даярлау, Қазақстанның білікті мамандары әлемнің әрбір түкпірінде сұранысқа ие болу қажет. Қазір біздің тарапымыздан осы бағытта нақты қадамдар қабылдануда. Биыл техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына мемлекеттік тапсырысты орналастырудың арнайы Ережесі әзірленді (5024 орын мемлекеттік білім тапсырысы бөлінді (2017-2018 оқу жылында 4993, яғни 31 орынға артық)оның 3324-і (66,1%) — жұмысшы мамандықтар). Соған сәйкес, бұрын тек колледждер мен студенттер арасында келісім шарт болатын болса, енді жұмыс берушілер — колледждер, және аудан, қала әкімдері арасында үш жақты шарттар жасалынуда.

Келісім шарт, біріншіден, жұмыс берушіні оқу бітірген түлекті жұмысқа қабылдауға, тиісті жалақы төлеуге міндеттейді.

Екіншіден, студентті, шарт талаптарын бузса, жұмсалған мемлекеттік қаржыны қайтаруға міндеттейді.

Үшіншіден, аудан әкімдерінің, мамандарға тапсырыс беруде, жауапкершілігін арттырады.

Мақсат — бюджетті тиімді пайдалану мен еңбек нарығының сұранысына сай мамандарды дайындау.

Leave A Reply

Your email address will not be published.