Өңірде 5 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Нысандар пайдалануға берілгенде 1 үш ауысымды, 4 орын тапшылығы бар мектептердің мәселесі шешіледі, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Жолдауда үш ауысымдағы мектептер мәселесін шешу тапсырылды. Осы орайда Президент үш ауысымды мектептер және мектеп жетіспеушілігін жоюға 50 млрд теңге бөлінетінін, мектеп құрылысын ең қажетті деген елді мекендерде салу керектігін де қадап айтты.
Жаңа оқу жылында 9 мектеп пайдалануға берілді. Үш ауысымда жұмыс істейтін 3 мектептің, апатты жағдайдағы — 3, орын тапшылығы бар 3 мектептің мәселесі шешілді.
Апатты жағдайдағы 4 және үш ауысымда 1 мектеп қалды (Байзақ ауданы, Ақшолақ станциясындағы 120 орындық орта мектеп).
Бүгінгі күні 5 мектептің құрылысы жүргізілуде. Бұл 1 үш аусымды, 4 орын тапшылығы бар мектептің мәселесін шешпек.Әлеуметтік саладағы нысандарды қажеттілігіне қарай салу бойынша біз бұл жұмысты бастап кеттік. Қазіргі уақытта облыста әлеуметтік нысандардың, соның ішінде мектеп құрылысының үш жылға арналған Жол картасы әзірленді. Оған алдағы уақытта басымдық беріліп отырған 48 білім беру нысанының құрылысы енгізілді.
Жол картасы 43 мектептің, оның ішінде 3 апатты және 11 апатты болуы мүмкін, 11 орын тапшылығы бар мектептің, 18 мектепке қосымша ғимараттар мәселесін шешуге мүмкіндік береді.Бұл жерде жобалық-сметалық құжаттардың мерзімінде әрі тиімді әзірленуі де маңызды. Осы жерде, тағы да еске салуға болады, құрылыс саласында бюджет қаржысын тиімді пайдаланудың арнайы Регламентін бекіттік.
Жобалық-сметалық құжаттар әзірлегенде Регламент қатаң басшылықта болады. Бүгіннің өзінде дайындалған 133 жоба бойынша 10 млрд теңге үнемделіп отыр.Мысалы, Жуалы ауданындағы 80 орындық мектеп құрылысының құны 624 млн. теңге. Қайта есептеп, ықшамдау нәтижесінде 289 млн. теңгеге дейін қысқартылды.