Елімізде киберқауіпсіздікті күшейту бағытында жүйелі және жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Жамбыл облысында CyberShekteuTaraz Telegram боты белсенді жұмыс істеп тұр. Қазірдің өзінде онда алаяқтыққа қатысты 500-ге жуық хабарлама жарияланған. Бұл бот арқылы тұрғындар қауіпті сілтемелерді, алаяқтардың телефон нөмірлерін, әлеуметтік желілердегі және базардағы жалған жарнамаларды дереу хабарлай алады. Осылайша, азаматтар интернеттегі алаяқтық әрекеттерге қарсы белсенді түрде араласып, өз қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр.
Айта кету керек, биылғы жылдың наурызынан бастап елімізде дербес деректерді, электрондық құжаттарды және Электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) қорғау саласындағы бұзушылықтарға қатысты жауапкершілік едәуір күшейтілді. Енді әкімшілік жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімі ұлғайып, дербес деректерді қорғау саласындағы әкімшілік айыппұлдар 3 есеге, ал ақпараттандыру саласындағы айыппұлдар 5 есеге өсті. Сонымен қатар, ЭЦҚ-ны заңсыз пайдаланғаны немесе оның түпнұсқалығын тексермегені үшін жаңа қатаң шаралар енгізілді. Бұл заңдар 1 млн-нан астам дербес деректерді өңдейтін операторларға міндетті кибер сақтандыруды да қарастырады. Бұған қоса, заңсыз несиелердің алдын алу және азаматтарды алаяқтықтан қорғау мақсатында арнайы бұзылған деректер тізілімі жасалды.
Азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Amanat партиясы бірқатар мемлекеттік және жеке құрылымдармен бірлесе жұмыс жүргізіп жатыр. Олардың қатарында Ақпараттық қауіпсіздік комитеті, Балаларды қорғау комитеті, Ішкі істер министрлігі, Қаржылық мониторинг агенттігі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Мемлекеттік техникалық қызмет, ЦАРКА және MSSP.GLOBAL компаниялары бар. Бірлескен жұмыс ауқымды “Цифрлық қоғам” жобасы аясында жүзеге асырылып, тұрғындардың интернеттегі қауіпсіздігін күшейтуге, алаяқтық схемаларын алдын алуға бағытталған.
Соңғы жылдары интернет алаяқтық мәселесі өзекті болып отыр. Сол себепті аймақта Киберқылмыспен күрес басқармасы құрылып, оның қызметі кеңейтілді. Басқарма мәліметіне сүйенсек, Жамбыл облысында алаяқтар көбінесе өзін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырады. Осы схемалар арқылы қазіргі таңда 156 адам алаяқтықтың құрбаны болған.
Ал, өзін техникалық бұйымдар дүкенінің қызметкері ретінде таныстыратын немесе Instagram жарнамасы арқылы жұмысқа орналастырамын деп алдаған алаяқтарға қатысты 184 жағдай тіркелді. Ал 119 тұрғын жеке мәліметтерін алаяққа беріп, олардың атына онлайн несие рәсімделген. Мұндай қылмыстық әрекеттер халыққа үлкен материалдық шығын әкеліп қана қоймай, психологиялық тұрғыдан да кері әсерін тигізеді.
Киберқылмыспен күрес басқармасының басшысы Уәлихан Ағыбаев атап өткендей, алаяқтарға көмектескен адамдар — дроперлер ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабының 5-бөлігі бойынша сыбайлас ретінде қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар, жәбірленушілер өздеріне келтірілген шығынды өндіру туралы талап қоюға құқылы. Бұл шаралар интернет алаяқтықтың алдын алуға және азаматтарды қорғауға бағытталған.
Жалпы алғанда, Жамбыл облысындағы және еліміздегі киберқауіпсіздік саласындағы жүйелі жұмыстар азаматтарға ақпараттық-сауаттылықты арттыруға, алаяқтық схемаларын анықтауға және цифрлық технологияларды қауіпсіз пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. Мұндай бастамалар елдің цифрлық қауіпсіздік инфрақұрылымын нығайтып, интернеттің қауіпсіз ортасына айналуына септігін тигізеді.