Елбасы жолдауында айтылғандай, ішкі өңірлік жолдарды одан әрі жақсарту үшін 50-де 50 схемасы бойынша республикалық және облыстық бюджеттен көктемгі нақтылауда қосымша 2,3 млрд.теңге қаржы қаралды. Осы тәжірбие үлгісінде, яғни облыстық бюджет- 50, аудандық бюджет — 50, Меркі, Шу, Жамбыл, Байзақ аудандарында 14 жобаның іске асырылуына қосымша 379 млн.теңге бөлінді. Бұл туралы өңір басшысы Асқар Мырзахметов “Баласағұн” ОКЗ-да өткен жиында айтты, – деп хабарлайды “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі.
Бөлінген қаражаттар есебінен жалпы 24 шақырым шағалды жол салу, 18 шақырым күрделі жөндеу және 446 шақырым автожолдар мен көшелерді орташа жөндеу жұмыстары іске асырылуда.
Сондай-ақ, 1 көпірдің құрылысы және 2 жол өткелі қайта жаңғыртылуда. Жыл қорытындысымен жергілікті жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 80%-ға жеткізуді межелеп отырмыз.
Бүгінгі күнге, қолданыстағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары тізбесіне түгендеу жұмыстары жүргізіліп, заң талаптарына сәйкестендірілуде. Басымдылығына қарай жолдар айқындалып, жүйелі жұмыс атқару үшін жоғарыда мектеп құрылысына қатысты айтылған Жол картасында межелер бекітілді.
2019 жылға республикалық және облыстық бюджеттерден 50/50 схемасы бойынша қаржыландыру үшін 11 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім берілді (Өтінім алдын-ала қолдау тауып отыр). Осылайша, 2022 жылға қарай жағдайы жақсы жергілікті жолдар үлесін 90%-ға жеткізуіміз қажет.
Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет екендігі де Жолдауда көрсетілді.Ішкі істер органдарының жұмысын оңтайландыру мақсатында департаменттің 300-ге жуық қызметкері (214 бірлік жергілікті бюджеттен, 84 бірлік республикалық бюджеттен қаржыландырылатын) қысқартылып, үнемдеген қаржы жалақыны арттыруға бағытталатын болады. Полиция қызметкерлерін сервистік модельге көшіру мақсатында Ішкі істер департаменті нақты жол картасын әзірлеуі қажет. Полиция қызметінде ең лайықты адамдарды іріктеу үшін қайта аттестациялау жүргізілетін болады.