2018 жылдың 19 қазанында сағат 11.00-де Тараз қаласындағы «Достық үйінде» «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасайтын «Ұлы дала рухы» атты іс-шара өтеді. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Жамбыл облысы Ішкі саясат басқармасы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өтетін іс-шарада республикаға танымал белгілі иллюстратор-суретші Аңсаған Мұстафаның «Сөйле сурет» атты көрмесі, сондай-ақ, облыстық деңгейдегі БАҚ-тардың көрмесі ұйымдастырылып, облыстағы фотографтардың фото картиналары назарларыңызға ұсынылады.
Іс-шара концерттік және шоу бағдарламалармен сүйемелденіп, республикаға танымал айтыскер Рүстем Қайыртайұлы мен жамбылдық жас ақын Дархан Әбдіманаптың арасындағы жекпе-жек айтыспен жалғасады. Сонымен бірге, рухты әндерімен барша қазақ тыңдармандардың жүрегін жаулаған «Алашұлы» тобы Тараз төрінде өнер көрсетіп, Ғани Мәтебаев, Жазира Сметова және Ербосын Қасымбек секілді елімізге танымал тараздық әншілер де келген қонақтарды әнімен қошеметке бөлейді.
Шараны тамашалаймын, қатысамын деушілер үшін есік ашық!