Қазақстанда қанша шетелдік студент оқиды

0 18

Биылғы оқу жылында Қазақстанның оқу орындарында 18 мың шетелдік студент білім алып жатыр, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚР Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.

— Биыл Қазақстанда 18 мың шетелдік студент білім алып жатыр. Олардың көпшілігі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдерден келген. Біздің мақсатымыз — шетелдік студенттер санын шамамен 40 мыңға дейін жеткізу. Жыл сайын 20 процентке көбейтіп отырсақ, алдағы 5-6 жылда Қазақстан айтарлықтай ауқымды білім беру хабына айналады. Ол үшін бірнеше шаралар жасалды: ағылшын тілінде сабақ беру, жаңа бағдарламалар дайындау, университтерге академиялық дербестік беру. Енді университтің өздері жұмысқа кірісуі керек, — деді министр ШЫҰ мүше-мемлекеттердің білім министрлерінің жетінші кеңесінде.

Сонымен бірге, министр Қазақстанның медициналық мамандықтар бойынша үндістандық студенттерді көбірек қабылдауға және IT бағыттар бойынша Үндістанға магистранттар мен докторанттарды жіберуге уағдаласқанын хабарлады.

— Кей бағыттар біздің елімізде жақсы жолға қойылған, ал екінші бір салалар бойынша Үндістанның тәжірибесі мықты. Сондықтан, бұл келісім қос елдің студенттері үшін де өте пайдалы, — деді Е. Сағадиев.

Айта кетейік, Шанхай ынтымақтастық ұйымына Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдері мүше. Өткен жылы Астанада өткен ШЫҰ мүше-мемлекеттер басшыларының Кеңесінде ұйымға мүше мәртебесі Үндістан мен Пәкістанға берілген болатын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.