Темекі шегетін ер адамдардың ұрпағының ойлау жүйесі дұрыс дамымайды, деген қорытындыға келді ғалымдар. Таллахассидегі Флорида штаты университетінің ғалымдары анықтағандай, темекі шегу ер адамдардың ұрпақтарының когнитивтік қабілеттеріне зиянын тигізеді. Бұл жайында MedicalXpress порталында жазылған.
Болашақ аналардың темекі шегуі олардың ұрпақтарына өте зор қауіп төндіретіні баяғыдан белгілі. Никотин мен темекі түтініндегі басқа да заттар балалардың әкесі арқылы да сондай зиян әсерін тигізеді екен. Бірақ осы уақытқа дейін генетикалық және эпигенетикалық факторларды (ДНҚ-ның белгілі бір бөлігін қосып, өшіретін молекулалар) қоршаған орта әсерінен бөліп қарастыру қиын болған еді.
Ғалымдар қорытынды жасағандай, никотиннің дозасын алған тышқандардың спермасы эпигенетикалық өзгеріске ұшырапты, оның ішінде D2 рецепторын кодтайтын генге зақым келген. Ал бұл молекула мидың дамуы мен оқу процесінде өте маңызды рөл атқарады.