Шу ауданында өндіріс саласының көлемі артып келеді

0 5

Жамбыл облысы Шу ауданында өнім өндіретін кәсіпорындар жылдан жылға өндіріс көлемін арттыруда. Осы орайда, «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігінің тілшілері арнайы ауданға ат басын бұрған болатын.

Ең алғаш болып, өңірдегі өндіріліп жатқан мақсары майына назар салдық.

Шу ауданында өндіріліп жатқан табиғи таза мақсары майына шетелдіктердің сұранысы артып келеді. Биылдың өзінде  кәсіпорын 30-тоннадан астам өнімді Жапонияға жөнелтті,-деп жазады «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігінің тілшісі.

Шу ауданындағы «Kaz-Ir AGRO» ЖШС  2011 жылы ашылған. Мақсары майын өндіру үшін серіктестік   Германиядан жоғары технологиялық қондырғылар әкеліп орнатқан болатын. 8 гектар алқапты алып жатқан кәсіпорынның құрамында  май цехі , астық және майлы дақылдарды өңдеуге және сақтауға арналған астық қабылдау пункті, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникалары бар.Осыған дейін дайын өнім Қытай мен Бельгияға тасмалданса биыл күншығыс еліне жіберіліпті.

— Қазіргі таңда 400 тонна мақсары майын экспорттадық, біз «Қазақэкспорт» компаниясымен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Олар сенімді компания, біздің жобаны кепілдендіріп, екі жүз миллион теңгеге сақтандыру қорғанысын берді және өнімді шетелдік клиенттерге сатуға көмектесіп жатыр, — дейді «Kaz-Ir Agro» ЖШС бас директоры Хамидреза Алинагиян.

Зауыттың қуаттылығы тәулігіне 3000 литр май өндіру. Тұрақты жұмыс орындарымен 60 адам қамтамасыз етілген. Жұмысшылар арнайы курстардан өткен, күрделі техниканы оңай басқара алады.

— Біздің мына істеп жатқан технологиямыз немістің технологиясы. Бірінші амофильтр деген фильтр тұр мына артымызда, сол фильтрден өтеді 1сағат, бірінші тазарту, екінші тазарту боп, бір жарым сағат сонда тазартылады.Содан кейін ар жағында екі кішкентай фильтрден өтіп, құю жүйесіне барады- дейді  «Kaz-Ir Agro» ЖШС аға операторы Талғат Омаров.

Зауыт салқын­да­тылған сығу технология­сын қолдануымен ерекшеленеді. Бұл мақсары майының құра­мындағы дәрумендер мен пай­далы элементтердің жо­йыл­мауы үшін таптырмас әдіс. Сон­дықтан шет елдерден келе­тін сұраныс жылдан жыл­ға артып отыр. Компания бүгінгі таңда Ни­дерландқа мақсары ма­йын жет­кізу үшін бір жыл­дық келі­сімшартты жасау жөнін­де келіссөздер жүргізуде. Со­нымен қатар, мақсары майы Қытай, Чехия, Жапония, Ре­сей және Өзбекстан елдеріне экс­портталуда.

Сондай-ақ, келесі кезекте мал басын көбейтуде жұмыс жасап жатқан арнайы кооперативтердің  жұмыс барысымен де таныстық.

Шу ауданында кооперативтер саны көбейіп келеді. Ұжымдық жұмыстың тиімділігін сезінген шағын шаруалар бірігудің арқасында мемлекеттік қолдауға қол жеткізуде, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігінің тілшісі.

Ернұр Арғынбаев, Шу ауданының тұрғыны:

— Алғашында азын-аулақ мол ұстаумен айналысқан. 2016 жылы «Берекелі-2016» кооперативі құрылған соң соның құрамына кірген. Нәтижесінде, 4 млн.теңге несиеге қол жеткіздім. Сондай-ақ, біріккеннен кейін мемлекеттік көмекті алу да қиын болған жоқ. Соның арқасында мал басын көбейттім. Бордақылап жатырмын. Өткеру жағы да қиындық тудырмайды.

«Берекелі-2016» кооперативінің құрамында 20 жеке шаруашылық бар. Биыл 64 млн.теңге несие алған. Қазір кооперативте 345 бас ірі қара мал бар. 3 сағаттың ішінде 5 тонна ет тоңазытатын мұздатқыш пен арнайы мал сою алаңы жұмыс істейді. Мал сою алаңында бірден 40 бас малды сойып, жіліктеуге болады.

Кооператив өндірген өнімге де аса мән береді. Мұнда арнайы зертхана қойылған. Союға жіберілетін малдан міндетті түрде сынама алынады. Өндіріс жетекшісінің айтуынша, 2020 жылы мал басын екі есе арттырып, ет экспортын ұлғайтуға үлес қоссақ дейді шаруалар.

Ауданда атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысу кезінде жаңадан ашылып жатқан цехтың іске қосылғанына да куә болдық.

Шу ауданында тәулігіне 50 келіге дейін тұшпара шығаратын шағын цех іке қосылды. Нысанның ашылуына аудан басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігінің тілшісі.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу ауданында шағын және орта бизнес өркендеп келеді. Соның бірі жаңадан ашылған «Дастан» тұшпара цехы. Цехта тәулігіне 50 келіге дейін дайын өнім өндіріледі.

— Бізге ең қажетті шикізат – ет. Халыққа ұсынатын болғандықтан өнім сапасы аса маңызды. Ет үшін қажетті малды халықтан сатып аламыз. Тұтынушыларымыз да жетерлік, — дейді цех жетекшісі Берік Орманбеков.

Дайын өнім аудан орталығы мен ауданға қарасты Шоқпар, Далақайнар секілді бірнеше ауылдардағы дүкендер мен сауда орындарына тасымалданады. Қазіргі таңда цехта 6 адам еңбекке тартылған. Олардың барлығы ауыл тұрғындары. Болашақта мемлекеттен көмек алып, кәсібімді кеңейтсем, — дейді Берік Орманбеков.

Шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкердің меншігінде цехтан бөлек шағын дәмхана бар. Дайын тұшпара осы жерде де саудаланады. Ең бастысы сапалы, әрі дәмді адал ас. Сондай-ақ, еңбек етіп отбасымды асырап отырмын. Көршілеріме де жұмыс бердім. Мұның бәрі еңбекпен келді, — дейді шулық кәсіпкер.

Қорыта айтқанда, Шу ауданы бүгінде даму жобалары даңғыл жолмен жарысқан елді мекендердің қатарында.

Leave A Reply

Your email address will not be published.