Жамбыл облысында 16 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы бүгін Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «ӨКҚ» алаңында өткен брифингте өрт саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы Мақсат Әкімбаев айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Мақсат Әшірбайұлының айтуынша, жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан, улы газбен улану оқиғалары 25% -ға, жарақат алғандардың саны 2 есеге, қаза болған адамдар саны 3 есеге артқан.
Жалпы, 2017-2018 жылу маусымы кезінде бітелген түтіндіктер мен пеш ақауларына байланысты облсымызда 23 улы газбен улану оқиғасы тіркелді, салдарынан 42 адам жарақат алды, олардың 9-ы қайтыс болды.
Ал,облыс аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жылу беру маусымының алдында облыстың ТЖ департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бірқатар алдын алу іс-шараларын өткізеді. Облыс әкімі 2018-2019 жылғы жылу беру кезеңінде өрттен зардап шеккен адамдардың өлімін және жарақаттануын, сондай-ақ улы газбен уланудан адамдардың қаза болуына жол бермеу бойынша шаралар жоспарын бекітті.
Облыстың тұрғын үй секторында 253 073 адамды қамтыған 95 821 үй араланды, 31090 адамның қатысуымен 1539 жиналыс өткізіліп, газ және электр аспаптарын қолдану кезінде тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау туралы жаднамалар таратылды.
Сондай-ақ, жергілікті полиция қызметтерімен бірлесіп, әлеуметтік тәуекел тобына жататын тұлғалардың тұрғылықты жерінде 1504 рейд жүргізіліп, оның барысында 21 840 адамға нұсқау берілді. Мұнан кейін «ҚазТрансГазсызгаз» АҚ ЖЖФ өкілдерімен бірге улы газбен улану оқиғаларының ең көп саны орын алған жерлерде 3 мыңнан астам адамды қамтитын 205 рейд жүргізілді.
Бұдан басқа, тамыз айында жылу және қуатпен қамтамасыз ететін 87 объектінің барлығының өрт жағдайы тексерілді. Тексерулердің қорытындысы бойынша ағымдағы жылы 2 учаскеде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу байқалмады, қалған 85 учаскеде 438 бұзушылық анықталды.
Көрсетілген бұзушылықтарды жою үшін, оларды жою мерзімдерін көрсете отырып, жоғарыда аталған объектілердің басшыларына тексерулер нәтижелері бойынша актілер берілді, 16 лауазымды және заңды тұлға жалпы сомасы 579 812 теңге айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жалпы, өрттің және улы газбен улану оқиғаларының алдын алу жұмыстары жалғасуда және үнемі бақылауда.