Бүгін Тараз қаласындағы «Ерлік» мемориалды кешенінде облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы мен облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен «Қуатты әскер – қуатты мемлекет» атты облыстық патриоттық акциясы өткізілді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігінің тілшісі.
Жастардың бойында патриоттық тәрбие қалыптастыру, әскери қызметтің беделін көтеру мақсатында ұйымдстырылған акцияға «Жамбыл облыстық генералдар кеңесі» Республикалық қоғамдық бірлестігінің директоры Ә.Қазиев, Тараз қаласы «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Д.Ермеков арнайы қатысып, жастарды Отан алдындағы қызметін абыроймен атқаруға шақырды.
Шара барысында патриоттық әндер шырқалып, жауынгерлік қойылымдар көрсетіліп, әскер қатарына шақырылушылар мен олардың ата-аналары шараға қатысушыларға жылы лебіздерін білдірді.
Жастарға үлкен серпін беріп, жауынгерлік рухты оятатын айтулы жиында ұйымдастырушылар тарапынан әскер қатарына шақырылған жастарға қажетті заттар табысталып, Отан алдындағы борышын өтеуге 50 сарбазды салтанатты түрде әскер қатарына шығарып салды.