Облыста дін мәселелері бойынша тәжірибе алмасуға арналған өңіраралық семинар өтті

0 4

Жамбыл облысы әкімдігі дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы Достық үйінде «Дін мәселелері бойынша тәжірибе алмасуға арналған өңіраралық семинар» өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Семинарға қатысушы ретінде Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктерінен, Алматы, Қызылорда және Түркістан облыстары әкімдіктерінен, сондай-ақ жергілікті атқарушы, құқық қорғау және әскери органдардың қызметкерлері, жоғары және арнаулы орта оқу орындары мен т.б. сала қызметкерлері қатысты.

Облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Ж.Омаровтың алғы сөзімен басталған семинарда Алматы облысы әкімдігі дін істері басқармасының басшысы  Рахмет  Есдәулетов, Алматы қаласы әкімдігі дін істері жөніндегі басқармасының басшысы  Айдар Есенбеков, Республикалық «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығының теолог-кеңесшісі  Ерлан Досмағамбетов, «Нұр-Мүбәрак» Қазақстан-Мысыр Ислам мәдениеті университетінің докторанты  Нұржан Стамбакиев, Түркістан облысы әкімдігінің Дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы  Асылбек Ноғаев  және Қызылорда облыс әкімдігінің Дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы  Бахытжан Камалов әр түрлі тақырыптарда дәрістер оқыды.

Шара барысында азаматтарымыздың арасында тағатты сана мен патриоттық сезімдерін нығайту, діни экстремизм көріністерінің және терроризм қатерлерінің алдын алу, теріс ағымдарға кірудің себептері, оны болдырмау және алдын алу жолдары кеңінен сөз болып, қатысушыларды толғандырып жүрген сауалдар талқыланып, пікірлер ортаға салынып, ұсыныстар айтылды.

Сонымен бірге, Жамбыл жеріне республикамыздың оңтүстік өңірлерінен келген дін істері басқармалары мен дін проблемаларын зерттеу орталықтарынан келген өкілдер мемлекеттің дін саласындағы саясатты жүзеге асыру барысындағы өз тәжірибелерімен бөлісті.

Айта кету керек, Жамбыл облысында ағымдағы жылы дін саласында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 22 млн. 276 мың теңгені құрайтын 7 жоба жүзеге асырылуда.

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың тапсырмасына сай, «Аудандар мен Тараз қаласы көлеміндегі діни ахуалды зерделеу және талдау бағытындағы кешенді іс-шаралардың жұмыс жоспары» әзірленіп, 8 айдың ішінде Тараз қаласы мен барлық аудандарындағы діни ахуалдың жай-күйіне кешенді зерделеу және талдау жұмыстары жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша нақты ұсыныстар берілді. Атап айтар болсақ:

– Сәуір айында «ХХІ ғасырдағы Қазақстандағы дін» тақырыбындағы облыстық форум өтті.

– Наурыз айында «Дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері мен мешіт имамдарының біліктілігін арттыруға арналған облыстық оқыту семинары» өтті.

– Қыркүйек айында «Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен «Дінтану негіздері» пәні мұғалімдерінің дінтанулық сауаттарын арттыруға арналған облыстық семинар» өткізу жоспарлануда.

– Қазан айында «Дін мәселелері бойынша тәжірибе алмасуға арналған өңіраралық семинар» өткізу жоспарлануда.

– Басқарма қызметкерлері тәжірибе алмасу мақсатында, Алматы қаласы мен Алматы және Ақтөбе облыстарында болды.

Сондай-ақ, облыс көлеміндегі мешіттерге келуші жамағаттарды зерделеу барысында, күнделікті 5 уақыт намазға келушілердің саны 6 мыңдай, оның ішінде, 1500-і жастар екендігі анықталды. Бұл көрсеткіш облыстағы жастар санының (263157) 0,57%-ын ғана құрайды.

Ал жұма намаздарына келушілердің саны 35000 шамасында болса, оның ішінде, 13500-і жастар болып табылады. Бұл көрсеткіш облыс жастарының 5,13%-ын құрайды.

Сонымен қатар, христиандық бағыттағы шіркеулерге келушілердің жалпы саны 3,5 мың болса, оның 10%-ы жастар болып табылады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.