Мәжіліс депутаттары Жамбыл облысы аудандарын аралады

0 3

Мәжіліс депутаттары Г. Бижанова, В.Қайназаров, К.Мұсырман және Б. Смағұл Жамбыл облысындағы Мойынқұм, Қордай, Шу аудандарын аралап, ауылдардағы түйткілді мәселелермен танысты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Жамбыл ауданы, Аса ауылындағы «Жастар ресурстық орталығында» аудан жастарымен кездескен депутаттар жастарға арналған «Бастау – бизнес», «Қолжетімді баспана «7-20-25» бағдарламалары туралы айтты. Ал, Қазақстан Президентінің тапсырмасына сәйкес ипотекалық несие беру «7-20-25» бағдарламасы ағымдағы жылдың 31 мамырында бекітілді, алғашқы қарыздарды беру шілде айында басталды.

— «7-20-25» бағдарламасы бойынша Қазақстанның кез келген қаласындағы тұрақты жұмысы немесе бизнесі бар адам қатыса алады. Бірақ, атына тіркелген баспанасы болмауы шарт. Және де несие тарихы барынша «таза» болу керек, — дейді депутаттар.

Бұдан кейін мәжілісмендер Жолдаудан туындаған жаңа міндеттер жөнінде жастармен пікір алмасса, өз кезегінде аудан жастары ауылдық округтегі жастар ісі жөніндегі нұсқаушылардың қысқаруы мүмкін екендігіне алаңдаушылық білдіріп, аудандағы жастар саласына қатысты туындап отырған біршама мәселелерді көтерді.

Сонымен қатар, Жамбыл облыстық «Жас Отан» Жастар қанаты төрағасының орынбасары Б. Далабаев жастардың ішінде әлсіз топтар, мүгедектер, жетімдер бар екеніне, олардың қолдауды қажет ететінін, жастардың төмен айлыққа келмейтініне, бір күндік табыспен өмір сүріп жатқанын және осы сияқты басқа да өзекті мәселелерді айтты.

Сондай-ақ, осындай бағытта Шу ауданында да болған халық қалаулылары мен аудан әкімі Қайрат Досаев Шу қаласында орналасқан «Тарлан» спорт кешенінде болып, жұмыстарымен танысты. Ал, ҚР Парламентінің депутаты Бақтыбек Смағұл жасөспірімдерге патриоттық тәрбиедегі өлең шумақтарын оқып, балаларды бір серпілтіп тастады.

Бұған қоса, жастарды толғандырған сауалдарға Мәжіліс депутаттары жан-жақты жауап беріп, аталған ұсыныстарды Парламент қабырғасында көтеріп, назарларына алатындарын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.