Тараз қаласында 517 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл туралы бүгін Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында Тараз қаласы әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың қатысуымен өткен баспасөз конференциясында айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Тараз қаласында «Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриялды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында ағымдағы жылы жалпы құны 4 млрд. 897,0 млн. теңгені құрайтын 3 инвестициялық жоба іске асырылуда. Қосымша 517 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Олар:
— «KISC» ЖШС – болат, шойын балқыту цехын қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Жобаның құны 1 млрд. 870 млн. теңге, қуаттылығы жылына 24 мың тонна. 150 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.
— «Тараз арматура зауыты» ЖШС – құрылыс арматурасын шығаруға арналған жаңа цех құрылысы. Жобаның құны — 2 млрд. 177 млн. теңге, қуаттылығы жылына 200 мың тонна және 297 жұмыс орны ашылады.
— «Сәуле» кондитерлік фабрикасы» ЖШС өндіріс орнының 2-ші кезеңі (печенье) құрылысын жүргізуде. Жоба құны — 850,0 млн. теңге. Жобаның жылдық қуаттылығы 4,5 мың тонна, ашылатын жаңа жұмыс орындар саны 70 бірлік.
Сондай-ақ, негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 41 млрд. 59,1 млн. теңгені немесе нақты көлем индексі 102,3% құрады. Халықтың жан басына шаққандағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 115,2 мың теңге болып қалыптасты.