Жамбыл облысының Сарысу, Мойынқұм, Талас, Жамбыл, Байзақ аудандарының 77 және Тараз қаласының 6, барлығы 83 елді мекен Конго – Қырым геморрагиялық қызбасының (КҚГҚ) табиғи ошағы аумағында орналасқан. Бұл туралы Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында өткен брифингте облыс әкімдігінің ветеринария басқармасының басшысы Оспан Бердияров мәлімдеді, – деп хабарлайды “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі.
Жамбыл облысы әкімдігінің 2018 жылғы 21 ақпандағы № 23 қаулысымен «Конго – Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында қоныстанған Сарысу, Талас, Мойынқұм, Жамбыл, Байзақ аудандары мен Тараз қаласының тұрғындарын қорғау жөніндегі 2018 жылға арналған бірінші кезектегі шаралар туралы» кешенді жоспар бекітілді. Осыған сәйкес, кенеге қарсы дезинфекциялық дәрі-дәрмектермен малдармен мал қораларды, аулаларды дезинфекциялау жұмыстары Сарысу, Талас, Мойынқұм, Жамбыл, Байзақ аудандары мен Тараз қаласында атқарылды.
Нәтижесінде, 83 елді мекенде жылдың көктемгі мезгіліндегі екі кезеңде табиғи ошақ аумағындағы көлемі 9 817 219 шаршы метр болатын 30 042 аула, қора-жай залалсыздандырылып, 696 634 бас ауыл шаруашылығы жануарлары (оның 78 899 басы мүйізді ірі қара, 587 001 басы уақ мал, 18 423 басы жылқы, 3 500 басы түйе, 2 317 басы шошқа, 6 494 басы ит) кенеге қарсы дәріленді.
Күз мезгілінде үшінші кезеңі бойынша табиғи ошақ аумағындағы көлемі 10 044 208 шаршы метр болатын 30 502 аула, қора-жай залалсыздандырылып, 283 649 бас ауыл шаруашылығы жануарлары (оның 69 293 басы мүйізді ірі қара, 490 439 басы уақ мал, 16 412 басы жылқы, 2 772 басы түйе, 2 417 басы шошқа) кенеге қарсы дәрі егілді.
Сондай-ақ, осы жылдың 3 тоқсанында облыстық бюджет есебінен аса қауіпті жұқпалы аурулардың (Сібір жарасы, Конго-қырым қанды безгегі және т.б.) алдын алу және залалсыздандыру жұмыстарының сапалы жүргізілуін қамтамасыз ету мақсатында аудандардағы ветеринариялық қызмет көрсететін мекемелерге дезинфекциялық қондырғы орнатылған (ДУК) 4 машинасы сатып алынды.
Айта кетерлігі, облыстың 160 ауылдық округінде тұрғындарға ветеринариялық қызмет көрсететін ветеринариялық пункт ашылған. Сонымен бірге, ағымдағы жылдың соңына қалалық және аудандық бюджет есебінен салынып, сатып алынған қызметтік үй-жаймен қамтылған пункттер саны 51 артып, облыс бойынша 76 пункт қызметтік үй-жаймен қамтылады.
Бүгінгі күнге облыстағы 383 елді мекеннің 33-і алаңдармен қамтылған, жыл соңына дейін 106 елді мекен алаңмен қамтылып, алаңмен қамтылған елді мекендер саны 139- ге артады. Алаңдармен қамту жұмыстары жергілікті бюджет және шаруа қожалықтардың қаражаты есебінен жүргізілуде. 2019 жылы жергілікті бюджет есебінен 244 елді мекенді алаңдармен қамту жоспарда.