Облыста 14 қараша күні латын әліпбиі негізінде жалпыхалықтық диктант өтеді. Бұл туралы бүгін Тараз инновациялық гуманитарлық университетінде облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Латын әліпбиі-ел ертеңі» атты дөңгелек үстелде айтылды, — деп жазады «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігінің тілшісі.
Жамбыл облысында латын әліпбиіне көшу жұмыстарының жүзеге асырылу барысын дамыту мақсатында өткен жиынға Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли, Түркия мемлекеті Карабюк университетінің филология ғылымдарының докторы, профессор Энверт Қапаған, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ф.ғ.д. Ерден Қажыбек, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, профессор, ф.ғ.д Жантас Жақыпов, сонымен қатар, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Орфография бөлімінің басшысы Құралай Күдеринова, Астана қаласы әкімдігінің «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ержан Еңсебай және оқытушылар мен студенттер қатысты.
— Ұлттық комиссия мен 4 жұмыс тобы 108 параграф, 4 тараудан тұратын латын әліпбиіне негізделген кітап дайындадық. Мұның негізінде өңірлерде түсіндіру жұмыстары жалғасын табады. Ағымдағы жылдың 14 қарашасында жалпыхалықтық акция өтеді. Яғни, қала тұрғындары латын әліпбиінен диктант жазады. Бұл жайында emle.kz сайтынан біліп, пікір қалдырсаңыздар болады, — дейді Құралай Күдеринова.
Сондай-ақ, өңірде үстіміздегі жылдың 16 қарашасында тіл маман басшыларының қатысуымен ауқымды конференция өтеді.
Бұған қоса, биылғы жыл мен 2020 жылдар аралығында латын графикасының емле ережесі даярланады. Ал, 2024-2025 жылдары мектеп оқулықтары мен жеке куәліктерді латын әліпбиіне көшіру жұмыстары күшіне енеді.
Сонымен қатар, жиында Түркия мемлекетінен келген Энверт Қапаған Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі Түркия үшін өте маңызды екенін айтты. Себебі, Мұхтар Әуезов, Ұлы Абайды және А.Байтұрсыновтың кітаптарын оқи алатын боламыз деп өз ойын білдірді.
Айта кетейік, ертең Түркия мемлекетінің латын әліпбиіне көшкеніне 90 жыл толады.