Бүгін Тараз қаласының орталық көрме залында «Шеберлер қалашығы» атты көрме өтті. Аталған көрмеге Өзбекстан Республикасының Жиззах облысынан қаламызға арнайы келген ағаш қолөнер шеберлерінің туындысы қойылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігінің тілшісі.
Бұл шараның өтуіне өткен жылы Өзбекстан Республикасының Президенті Ш.Мирзиеевтің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары барысында Елбасы — Н.Ә.Назарбаевпен келісілген шешіміне сәйкес 2018 жыл Өзбекстанның Қазақстандағы жылы болып бекітілгендігі себеп болды.
Көрменің салтанатты ашылуы барысында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысының орынбасары Зубайра Жарқынқызы алыстан ат терлетіп келген өнер иелеріне деген алғысын білдіре отырып, арнайы әзірленген басқарма басшысының атынан алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті.
Сондай-ақ, шаһарға келіп отырған өнерлі қонақтарға Жамбыл облысы «Өзбек» мәдениет орталығының президенті Бахром Муминов бүгінгі шара екі елдің татулығының көрінісі екенін алға тарта отырып ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, көрмеге әшекейлі бағалы жүзіктер, ағаш бұйымдарынан жасалған құнды жәдігерлер, күнделікті тұрмыс-тіршілікте пайдаланылатын ыдыстар, тарихи кезеңдер мен мәдени дүниені бейнелейтін және табиғаттан көрініс беретін әсем картинкалар сынды ғажап туындылар қойылды.