Шу ауданына мәжіліс депутаттары жұмыс сапарымен барды
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауын насихаттау және түсіндіру мақсатында Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаттары Бақытбек Смағұл мен Кәрібай Мұсырман Шу ауданына ат басын бұрды. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Астанадан келген құрметті қонақтарды аудан әкімі Қайрат Досаев қарсы алып, аудан жаңалықтарымен бөлісті. Осыдан кейін халық қалаулылары шалғай жатқан елді мекен тұрғындарымен кездесуге жолға шықты. Олардың басы-қасында болған аудан әкімінің орынбасары Клара Қожағаппанова мен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дархан Әліпбаев алдымен Ақтөбе ауылдық округінің жұртшылығы өкілдерімен кездестірді.
Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған биылғы Жолдаудың алғашқы басым бағыты халық табысын арттыруға арналғандықтан, бірінші болып сөз алған мәжіліс депутаты Кәрібай Иманжанұлы да түсіндіру жұмысын осы мәселеден бастады. Ол 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 28 мыңнан 42 мыңға дейін 1,5 есеге өсетіндігі жайында кеңірек түсіндірді.
Депутаттың айтуынша, қазір елімізде 800 мыңнан аса азамат еңбек шартынсыз жұмыс істеп жүр. Ал олардың жалақысы көп дегенде 30-40 мың теңгенің көлемінде. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Парламентке жұмыспен қамтуға байланысты бірыңғай жиынтық төлем енгізіп, келер жылдан бастап осы төлем арқылы жұмыс жасауды тапсырған. Енді еңбек шартынсыз жұмыс істеп жүрген азаматтар «тәуелсіз жұмыскер» ретінде үкімет назарында болады. Егер, азамат еңбек шартынсыз қалада жұмыс істейтін болса ай сайын бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 2525 теңге, ал ауылда еңбек ететін болса, 1300 теңге Үкіметке төлем төлеп отыратын болады. Ал жиналған осы қаржы кейін зейнетақы ретінде төленеді. Сонымен қатар, 2020 жылы енгізілгелі жатқан әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы да толыққанды медициналық қызмет ала алатын болады. Елбасы Жолдауына байланысты елімізде бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 270 мың адамның еңбекақысы орта есеппен 35 пайызға өседі деп күтілуде. Нақты айтқанда, іс жүргізушілер, хатшылар, операторлар, балабақша тәрбиешілерінің көмекшілері, тіркеушілер және тағы да басқа жалақысы төмен жұмыскерлердің еңбекақылары 43 мыңнан 46 мың теңгеге дейін, ал әкімшілік персоналдардағы есепшілер, экономистер, аудармашылар, техниктер, заңгерлер, әдістемешілердің айлық ақысы 48844 теңгеден 52383 теңгеге көбеймекші. Сонымен қатар, орта арнаулы оқу орнын бітірген, екі жыл еңбек өтілі бар мейірбикелер, лаборанттар, мұғалімдердің де еңбекақысы 51 мың теңгеге жуықтамақшы.
Кездесуге келгендердің қатарында мұғалімдер саны басым болғандықтан, К.Мұсырман сөз соңында Жолдаудың мұғалімдерге арналған тұсын да тыңғылықты түсіндіріп, келер жылы ұстаздар қауымы қоғамдық жұмыстардан, жөнсіз тексерулерден, міндеттен тыс жұмыстардан босатылатындығы көрсетілген «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғалы жатқандығын атап өтті.
Осыдан кейін сөз кезегі Бақытбек Смағұлға берілді. Осы тұста атап өтерлігі, Б.Смағұл Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауым-дастығының төрағасы, ақын, жазушы ретінде елге танымал тұлға. Жоғарыда аталып өткендей, Елбасы Жолдауы кең көлемде түсіндірілгендіктен, Бақытбек Смағұл халықтың рухын көтеруге бағытталған жүрекжарды жырларын тебірене оқып беріп, жан дүниені рухани байытатын әсерлі әңгіме өрбітті.
Осындай кездесулер Жаңақоғам, Далақайнар, Жаңа жол, Ескі-Шу ауылдық округтерінде де жалғасын тапты.
Елбасы Жолдауын түсіндірумен қатар, ел ішінде шешілмей жатқан маңызды мәселелерді жоғары жаққа жеткізу мақсатында келген халық қалаулылары тұрғындар тарапынан жолданған сауалдарды жазып алып, шешімін табуға ықпал ететіндіктерін айтты.
Елді мекендерге сапар соңында мәжілісмендер «Тарлан» спорт кешенінде және «Әсия Әлемі» балабақшасында болып, олардың жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында аудандағы Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу ұйымдастырып, Бақытбек Смағұл соғыс азабын бірге көрген жауынгерлермен өткен күндерді еске алды.