Облыста үздік тәлімгерлер марапатталды

0 0

8-9 қараша күндері аралығында Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс –шараларды өткізетін облыстық орталықта «Жамбыл облысы «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Кемелді келешекке – кемеңгер Елбасымен!» атты облыстық форум өтті. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

«Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының көшбасшыларына арналған форум Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Форумға облыстық «Жас Ұлан» ұйымының оқушыларына жаңа бағыт беріп, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарға сәйкес рухани дүниесі кең тұлғаны қалыптастырып, балалар мен жасөспірімдерді патриоттық рухқа тәрбиелеп жүрген аудандар мен Тараз қаласының тәлімгерлері мен үйлестірушілері, аудандар мен Тараз қаласының ұланбасылары және белсенді жасұландықтар қатысты.

Облыстық форумның алғашқы күнінде белсенді жасұландықтар мен тәлімгерлерге семинар-тренингтер ұйымдастырылып, орталық музейге экскурсия жүргізілді. Ал іс-шараның екінші күні Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықта белсенді 50 жасұландық көңілді флешмоб ұсынды.

Сондай-ақ, форум барысында ұйым қатарына белсенді оқушылар салтанатты түрде қабылданып, «Жамбыл облысы «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айжан Алебаева мен облыстық «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек үздік жасұландықтар мен тәлімгерлерді арнайы дипломдармен марапаттады. Облыстық форум ән-би ансамбілдерінің концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.