Елбасының ел тарихы мен болашағына ой жүгірткен, бағыт-бағдар сілтеген жаңа сөзі оқырман мен тыңдарманға өзінің зерделілігімен ой салып отыр.
Қазақ қай уақытта да өзінің текті халық екендігін көрсете білген, дәлелдеп келген ұлы халық. Өзінің ұлаңғайыр ұзақ тарихында қазақтың әлем алдында ұялатын жері болған емес. Өйткені ол өз бірлігі, тұтастығы үшін ғана қиян-кескі ұрыстарға килікті, өз басын қорғады. Басқыншылық жасап біреудің жеріне, малына, байлығына қиянат жасаған емес. Достық ниеттегі көршісіне опасыздық жасаған жоқ. Келсе тек төрден орын беріп, ас-суын аузына тосты.
Қазақтың үш жүз болып өмір кешуі бөлінуі емес, қайта ол үнемі күрес үстінде бір-бірімен бірігу, ынтымақтасу үлгісін көрсетті.
Ал қазақтың осындай қасиетке ие болуының басты себептерінің ең негізгісі — Ұлы даланы мекендеуінен. Сол далада көшіп-қонып жүрген ер түріктің айбынды мұрагері, зерделі де дарынды ұрпағы болып өмір кешуіне байланысты екені мәлім.
Елбасының бұл сөзі терең толғаған зерттеу еңбек, ғылыми құнды еңбек деп қабылдаған жөн.
Ф.ғ.к., доцент Рахым Садықбеков