Тәжірибелі спортшы әрі бапкер, төрт бірдей Олимпиада ойындарының қатысушысы Ольга Довгун нысана көздеуден Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалды, деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, федерацияның кезекті отырысында Азия ойындары мен әлем чемпионатындағы көрсеткіштер талданып, басшылық бас бапкерді ауыстыру туралы шешім қабылдады.
Нысана көздеуден ұлттық құраманың бас бапкері болып Ольга Довгун тағайындалды. Ол жаңа қызметіне 2019 жылдың қаңтарынан бастап кіріседі.
Ольга Довгун нысана көздеу спортында 34 жылдық тәжірибесі бар маман. Ол Сидней, Афины, Бейжің және Лондон Олимпиадаларының қатысушысы.
2004 жылы Афины Олимпиадасында қолаға қол созым жерден тоқтап, төртінші орын иеленген. Екі дүркін әлем чемпионы.
2002 және 2006 жылдары әлем чемпионаттарында топ жарған.
1998-2014 жылдар аралығындағы Азия ойындарына қатысып, екі мәрте чемпион атанса, үш рет күміс жүлдегер атанған.
ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, халықаралық дәрежедегі КСРО спорт шебері.