Бүгін Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылында 140 орынға арналған «Бота» жекеменшік бөбекжай-бақшасы өз жұмысын бастады. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Елбасы Н.Назарбаев 2020 жылға дейін бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім беру мекемесімен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізу қажеттігін тапсырған болатын. Осыған орай, қазір мемлекет пен жекеменшік әлеуметтік әріптестік аясында балабақшалар мен бөбекжайлар ашылуда. Соның дәлелі ретінде, бүгін аудан орталығында ашылған нысанды жеке кәсіпкер Ертіс Тұғылшиев 15 млн. теңге қаржыға бұрынғы сауда нысанын қайта жаңғыртып, ғимаратты бөбекжай-бақша ашуға бейімдеп, заманауи үлгіде жабдықтады.
Сондай-ақ, ауданда 2019 жылдың наурыз айында 165 орынды қамтитын 2 жекеменшік бөбекжай-бақша ашу жоспарлануда.
2018 жылдың ІІІ тоқсанында Тереңөзек және Ақыртөбе ауылдарында 2 жекеменшік балабақша ашылып, бүгінгі күні мектепке дейінгі тәрбие және білім берумен балаларды қамту үлесі қазіргі таңда 97,3% құрап отыр.
Айта кетейік, бүгінде Т.Рысқұлов ауданында 20 балабақша мен 15 шағын орталық жұмыс атқарып, барлығы 2947 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар үлесі 1-6 жас аралығында — 82,2%, 3-6 жас аралығында – 97,3%-ды құрап отыр.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Жамбыл облысында 41 нысан ашылып, халық игілігіне пайдалануға берілуде. Оның 32-і медициналық нысан болса, 2-і полиция бөлімшесі,7-і жекеменшік балабақша.