Шу ауданына қарасты Тасөткел ауылының тұрғындары ем іздеп аудан орталығына сабылмайтын болды. Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында фельдшерлік-акушерлік пункт қолданысқа берілді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Енді 1000-нан аса тұрғыны бар тасөткелдіктер үшін барлық стандарттарға сай фельдшерлік- акушерлік пункт сапалы медициналық көмек көрсетуге толықтай мүмкіндігі бар. Мекеме мемлекеттік – жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылған.
Салтанатты шара барысында жұмысты дер кезінде, әрі сапалы аяқтаған тараздық «Жанайым Құрылыс» ЖШС-іне ауыл тұрғындары өз ризашылықтарын жеткізді. Құрылысы ағымдағы жылдың мамыр айында басталған ғимарат 8 айдың ішінде халық игілігіне беріліп отыр.
Айта кету керек, 10 келушіге арналған медицина мекемесі қатты отынмен жылытылады және электроэнергияға қосылған. Фельдшерлік-акушерлік пункттегі дәрігер бөлмесі, акушер-гинеколог дәрігер бөлмесі, егу бөлмесі, ем қабылдау бөлмесі және қадағалау бөлмесі орналасқан. Мұнда әзірге 4 маман – фельдшер, акушер және мейірбике мен бір маман қызмет етеді.
— Елбасымыздың арқасында жылдан жылға жағдайымыз жақсарып келе жатыр. Жолымыз салынды, жарығымыз бар, суымыз бар. Енді мерекеге орай, мына медициналық бөлімді ашып беріп жатыр. Орталықтан 40 шақырым жерде тұрамыз. Қариялар бар үлкен, жас балалар бар. Өте жақсы болды. Келесі жылы ветеринарлық пункт ашпақшы. Бірінші Президент күнін осылай үлкен қуанышпен қарсы ала берейік! — деді Тасөткел ауылының тұрғыны Тоқтағұл Санабеков.