Көлбастаулық бүлдіршіндер заманауи үлгіде жабдықталған бөбекжайда тәрбиеленеді

0 1

Бүгін Жуалы ауданында жеке кәсіпкер ауыл тұрғындарына балабақша тарту етті!. Енді көлбастаулық бүлдіршіндер заманауи үлгіде жабдықталған бөбекжайда тәрбиеленбек. Бұл туралы «ZhambylNews» АА хабарлайды.

Құны 17 млн. теңгені құрайтын нысанды жеке кәсіпкер Әсет Есаманов ауылдың орталық көшесінің бойынан бос тұрған тұрғын үйді жалға алып,  оны балабақшаға ыңғайластырып ашып отыр. Онда балалардың тынығатын және ойнайтын бөлмелері кең, жылы да жайлы, жалпы мұнда тәрбиешілердің бүлдіршіндермен жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған.

Аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов бұл ашылатын балабақшаның биыл ауданда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде пайдалануға берілгелі отырған төртінші мекеме екенін айта келе, жиылған ата-аналарды, көпшілікті мерейлі қуанышымен құттықтады.

— Бүгінде ауданда 30 мектепке дейінгі білім мекемесінде 2290 бала тәрбиеленуде. Соның ішінде мемлекеттік жекеменшік әріптестікті дамыту мақсатында бүгінгі таңда ауданда 2 жекеменшік балабақша жұмыс жасауда. Ауданда 3 пен 6 жас аралығында 99,1 пайыз баланы қамтып отырмыз. 2020 жылға дейін елдегі балаларды түгел қамту керек туралы міндеті қойылған болсма, ол міндетті бүгін орындап отырмыз. Мектепке дейінгі білім мекемелерінде 330-дан астам педагог қызмет атқарса, оның 67,4% «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандығы бойынша жоғары және техникалық-кәсіптік білімі бар, — деді аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов.

Көлбастау ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Тұрғынбеков, ауыл тұрғыны Нұржамал Шажалиева мереке қарсаңында ауыл тұрғындарын қуанышқа кенелткен осындай игілікті істің алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ, 14 бала өсірген ардақты ана Ранай Әйімбетова да өз алғысын білдіріп, ізгі тілегін жеткізді.

— Бүгін біздің қуанышты күніміз.Елбасы тапсырмасына сай ауылымызда балабақша ашылып жатыр. Осы балабақоа біздің балаларымызды тәрбиелеп, білімге, патриот болуға тәрбиелей берсін. Мың да бір рахмет айтамын, — деді ардақты ана.

Балабақшаның лентасын аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков пен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Тұрғынбеков қиды.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Жамбыл облысында 41 нысан ашылып, халық игілігіне пайдалануға берілуде. Оның 32-і медициналық нысан болса, 2-і полиция бөлімшесі, 7-і жекеменшік балабақша.

Leave A Reply

Your email address will not be published.