Жамбылда жүлде қоры 3 миллион теңге болатын байқау басталды

0 0

Жамбыл облысында «Кітап оқып, миллионер бол!» көркем әдебиетті оқу байқауы басталды. Жүлде қоры 3 миллион теңгені құрайды. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали, қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбарак Жинақбаева, Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Гульфайруз Инкарбекова,  «Қазфосфат» ЖШС қызметкерлермен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Жанар Оразымбетованың қатысуымен өткен брифингте айтылды, -деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.

Спикерлердің айтуынша, бүгінгі байқау оқушылардың танымын кеңейтіп, өресін биіктету бағытында республикамызда тұңғыш рет өткізіліп отыр. Қалалық білім бөлімі мен Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы аталмыш сайыстың ұйымдастырылуына атсалысып, газеттің идеясын бірден  қолдады. Ал байқаудың демеушісі «Қазфосфат» ЖШС Бас директоры, ҚР Еңбек ері Мұқаш Ескендіров мырза бастаманың ілгері басуына зор ықпал жасап, кітап оқу байқауының өте ұтымды идея екенін жеткізді.

— Бұл байқаудан үлкен нәтиже күтеміз. Бір есептен сайысқа белгіленген жүлде қоры оқушыларға үлкен мотивация болмақ. Атап айтар болсақ, 8-11 сынып аралығындағы жеңімпаздар үшін 1 орынға – 1 млн, 2 орынға – 500 мың, 3 орынға – 250 мың, 5-7 сынып аралығындағы жеңімпаздар үшін 1 орынға – 500 мың, 2 орынға – 300 мың, 3 орынға – 250 мың белгіленіп отыр. Қалған сома байқауға қатысып, іріктеу сынына өткен оқырмандардың барлығына ынталандыру сыйлығын даярлауға жұмсалмақ. Осы арқылы біз өз өңірімізде кітап оқу үрдісін сәнге айналдыруды көздеп отырмыз. Ақылдастар алқасының құрамы республикаға, өңірге белгілі тұлғалар. Осы кісілермен бірлесіп жасалған кітаптар тізімі оқушыларға ұсынылып, олар кем дегенде 20 кітаптан оқып шықса байқаудың арқасында танымдары кеңейіп, мол мағлұматтар алып, ұшқыр ойлау қабілеттері шыңдалады деген ниеттеміз, — деді Эльмира Мырза-Ғали.

Ал, «Жамбыл – Тараз» газеті қала халқының сенімді үн парағы ретінде бес ай бойы байқаудың жоғары деңгейде өтуін қадағалап, нәтижесімен бұқарамен бөлісетін болады. Жарыстың қорытындысы мамыр айының 22-сі күні анықталады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.