Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті мерекесі қарсаңында Жамбыл ауданына қарасты Қызылқайнар ауылында «Мөлдір» жекеменшік балабақшасы ашылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Ауданға қарасты Қызылқайнар ауылдық округінде 3732 тұрғын бар. Ал, жоба құны 250 млн. теңгені құрайтын бөбекжайды ауыл тұрғыны Айсұлу Раева өз қаражатына салды. Құрылыс жұмысы 2017 жылдың наурыз айында басталған болатын.
Балабақшаның ашылу салтанатына аудан әкімі Бақыт Қазанбасов және ауыл тұрғындары қатысты.
— Бұл бастама пайдасын тигізіп отыр. Қаншама балабақша игілікке беріліп жатыр. Енді балалар осы жерде тәрбиеленеді, мектепке дейінгі тәрбиені осы жер береді. Сондықтан осы жекеменшік балабақшаны салғандарға алғысымызды білдіреміз! Балалар бақытты болсын! Болашағымыз зор болсын! , — деп ауыл тұрғындары өз қуаныштарын жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Жамбыл облысында 41 нысан ашылып, халық игілігіне пайдалануға берілуде. Оның 32-і медициналық нысан болса, 2-і полиция бөлімшесі,7-і жекеменшік балабақша.