Ағымдағы жылдың 30 қараша күні Алматы қаласында Жамбыл облысының инвестициялық мүмкіндігінің таныстырылымы, «ХимПарк «Тараз» АЭА мен индустриалық аймақтар атты «роуд-шоу» өтті. Бұл туралы «ZhambylNews» АА хабарлайды.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты құрылыс материалдары индустриясы, агроөнеркәсіп кешені және өңдеу өнеркәсібінің түрлі салалары сияқты экономиканың ірі салаларында өңіраралық бизнес-ынтымақтастықты дамыту.
Іс-шара бизнес форум форматында өткізілді және екі бөлікке бөлінген болатын:
- Жамбыл облысының инвестициялық мүмкіндіктерінің таныстырылымы, «ХимПарк «Тараз» АЭА таныстырылымы;
- «B2B» кездесулер.
Таныстырылым аясында, Жамбыл облысындағы қаржыландыруды қажет ететін инвестициялық жобалар жайлы толық мәлімет берілді.
«Роуд-шоу» барысында 15-тен астам инвестициялық жоба ұсынылды. Олардың ішінде, заманауи медициналық кешен құрылысы, мәрмәр өңдеу бойынша қолданыстағы өндірісті жаңғырту, туристер үшін бүкіл маусымдық киіз үй қалашығын салу, кешенді-тұқым зауытын салу кіреді.
Мәселен, Жамбыл облысына қарасты Байзақ ауданында заманауи жылыжай кешенін құру жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны: 160 млн. теңгені құрайды. Жоба іске асқан жағдайда 10 жаңа жұмыс орны ашылып, өндірілген өнім ішкі қажеттілікті өтеуге және Алматы облысы мен Алматы қаласына жөнелтілетін болады.
Сондай-ақ, қаржыландыруды қажет ететін тағы бір жоба – құнарлылығы төмендеп, тұздылығы артқан жерлерге фосфогипс пен қиды негізге ала отырып жасалынған биомелиорантты енгізу. Яғни, бұл жоба іске асар болса жердің құнары артып, тұздылығы төмендейтін болады. Қаржыландыруға 3,3 млн. теңге қажет. Айта кетейік, аталған жобаның қуаттылығы 5000 га құрайды.
Бұрын ұйымдастырылған «Роуд-шоу» тәжірибесіне сүйене отырып, осындай іс-шаралар арқылы бизнес байланыстарды жолға қоюға болатындығына көз жеткізуге болады. Осы тектес шаралар өңір экономикасын дамытуға және жергілікті компаниялардың өсіп-өркендеуіне қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді.