Астанада өткен VIII Азаматтық форумға облыстан 27 адам қатысқан

0 2

Астанада өткен VIII Азаматтық форумға Жамбыл облысынан 27 адам қатысқан. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» ЗТБ президенті Исламбек Дастан, «Жамбыл облысының Азаматтық альянс қауымдастығы» ЗТБ президенті Зайтжан Юлдашевтің қатысуымен өткен брифингте айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Спикерлердің айтуынша, үкіметтік емес ұйымдар саны 2003 жылы 5 мың болса, 2018 жылы 22 мыңға дейін жетіп, төрт еседен астам өскен. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемі 65 есе өсіп, қазіргі кезде 20 миллиард теңгеден асып отыр.

Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрі жүзеге асырып, «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақалада белгіленген басымдықтар аясында атқарылатын жұмыстардың маңыздылығын атап өтті. Елбасы мұнда көрсетілген бағыттар мен жобаларды іске асыру үдерісіне үкіметтік емес ұйымдарды тарту қажеттігін айтты.

Айта кетерлігі, ашық қоғамдағы биліктің үшінші сатысындағы билік өкілі – үкіметтік емес ұйымдар болып есептеледі.  Бүгінгі таңда облысымызда 700 астам ұйым тіркелген болса, оның 200-ге жуығы ғана өңірдің тыныс-тіршілігіне араласып азаматтық қоғам институттарының дамуына үлес қосуда.

Тағы бір жаңашылдық — үкіметтік емес ұйымдар арналған сыйлықақы. Сыйлықақы алушылар 15 бағыт (номинация) бойынша байқауға түсті. Байқаудың жеңімпаздары сарапшылар бағалауынан кейін конкурстық комиссияның отырысында қаралды. Әр бағыт бойынша сыйақы мөлшері 2 000 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Биылғы жылы сыйлықақы алуға 197 ұйым өтінім білдірсе, оның ішінде облысымыздан 8 үміткер құжаттарын тапсырды. 63 ұйым жеңімпаз атанды, оның ішінде Жамбыл облысынан 3 ұйым жеңімпаз атанды. Олар «Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдау» бағыты бойынша «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігі (төрағасы – Руслан Тулегенов), «Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізу» бағыты бойынша «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі (президенті – Исламбек Дастан), «Ақбұлақ» қоғамдық бірлестігі (төрайымы – Нілзия Рақышева) жеңімпаз атанып, ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Қәлетаевтың қолынан диплом алды. Сыйлықақының ерекшелігі бөлінген қаражатты ұйымның жарғылық мақсаттарына жұмсауға болады. «Таным» Республикалық қоғамдық сыйлықтың «Азаматтық қоғамның дамуына қосқан үлесі үшін» Серікбол Берікқожа иеленсе, бұның алдында жамбылдықтардан «Таным» сыйлығын Оразкүл Тастемірова мен Ғалия Қалиева лауреаты болғанын еске сала кетейік.

Бүгінде үкіметтік емес ұйымдарды бағдарламаларды әзірлеп, іске асыруға, әлеуметтік маңызды мәселелер бойынша қоғамдық тыңдауларды өткізуге кеңінен тарту мемлекеттік органдардың күнделікті тәжірибесіне айналған. Өткен жылдар ішінде мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың ынтымақтастығы жүйелі сипатқа ие болып үлгерді. Қазіргі таңда үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттің тең серіктесі ретінде қаралады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.