Бүгін облыс әкімдігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Онда күн тәртібіндегі негізгі екі мәселе қаралды. Ол үстіміздегі жылдың 11- айындағы облыс көлемінде индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы мен келер жылдың бюджетіне қатысты атқарылған жұмыстар.
Алдымен жыл басында қойылған нысаналы және нәтижелі индикаторлардың орындалу барысы сұралды. Облыстық экономика басқармасының мәліметінше жалпы аймақтағы ахуал тұрақты. Міндетті межелер де артығымен орындалған. Тек, құрылыс пен инвестиция тарту бағытында кейбір мәселелер ғана әзірге шешімін таппай отыр. Аудандарда да барлық индикаторларды орындау бойынша жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Алайда, кейбір жекелеген аудандарда ғана ет экспорты, өнеркәсіп пен өзге де салада индикаторлар орындалмай отыр. Оның да обьективті себептері бар. Өңір басшысы Жамбыл жерінде бұл көрсеткіштердің барлығын орындауға толық мүмкіндік бар екендігін айтып, тіпті, кейбір мәселелерді шешудің нақты жолдарын ұсынды.
Асқар МЫРЗАХМЕТОВ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
-Менің болжамым бойынша Жамбыл облысы барлық индикаторларды орындауға толық мүмкіндігі бар. Керек болса мынадай талап қойып отырмыз. Бізге қойған экономикалық өсім 3,8 пайыз болса, оны 4- пайызға жеткізу мүмкіндігі. Барлық мүмкіншілік бар. Тек қана жұмыс істеу керек. Сондықтан да бұл талқыланбайды. Ол орындалу керек. Міндеттемені алдық, ендеше оны орындау керек.
Жыл басынан бері нақты меже қойылып жүйелі түрде жұмыс жүргізудің арқасында Жамбыл облысының экономикасы да артып келеді. Ең бастысы Елбасы жолдауында көрсетілгендей халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға нақты қадамдар жасалып отыр.
Алқа мәжілісінде қаралған келесі мәселе бюджет мәселесі. Облыс әкімінің тапсырмасына сай жыл басынан бері бюджетті оңтайландыру жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда ол нақты нәтижесін де беріп отыр. Мәселен: бұрын әр ғимаратты жалға алып, оған өз білгендерінше ақша төлеп келген кәсіпорындардың жұмысын реттеудің арқасында бір жылда 92- млн. бюджет қаражаты үнемделіп отыр.
Аймақ басшысы келер жылдың бюджетін нақтылау кезінде мән берген тағы бір маңызды мәселе. Бұрын облыс әкімдігіне қатысты мәдениет, спорт, жастар саясаты секілді басқарламар өткізетін 1-2 млн. теңгелік майда-шүйде іс-шараларды доғарып, одан жинақталған қаржыға Жамбыл жерін танытатын әрі қоғамға пайдасы мол іспен айналысу керектігі. Осыған орай қазір облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы еріктілер тобын құрып, атқаратын қайырымдылық істердің жоспарын жасапты.
Жиында халық денсаулығын арттыру, жастарды жұмыспен қамту, әлмеуметтік салаға басымдық беру секілді өзге де мәселелер қаралды. Басты басымдық бюджет қаражатын тиімді пайдаланып, ел игілігі үшін жұмыс істеу деді облыс әкімі.
Асқар МЫРЗАХМЕТОВ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
-Екі үлкен маңызды мәселені қарадық. Біріншісі биылғы жылды қалай жапқалы отырмыз. Бәрі айтылды. Мүмкіншілік бар. Республика тарапынан бізге қойған тапсырмалар, мемлекеттік бағдарламалардың барлығы толық орындалуы керек. Екіншісі келер жылдың бюджеті. Оны қалай қалыптастыруы керек. Сіз бен біз қалай жұмыс істейміз барлығы түсінікті деп ойлаймын.
Кеңейтілген алқа мәжілісінің соңында облыс әкімі міндетті межелердің орындалуы бойынша тиісті мамандарға нақты тапсырмалар берді.
Дереккөз: Jambyl TV