Ағымдағы жылдың 26 ақпан күні өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрағасы Эльмира Мырза-Ғали бастаған Аналар кеңесі «Айналайын» жобасы аясында 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.

Іс-шараның мақсаты – болашақ аналарға қолдау көрсету, оларға қамқорлық таныту және қоғамдағы мейірім мен жанашырлық құндылықтарын кеңінен насихаттау болды.
Шараға қазақ, орыс, поляк, түрік, неміс, татар, тәжік, кәріс, қытай, қарашай-балқар, еврей этномәдени бірлестіктерінің Аналар кеңесі төрағалары қатысып, ортақ игі іске жұмыла атсалысты. Бұл – ел бірлігі мен ынтымағының айқын көрінісі.
Қайырымдылық акциясы аясында №8 , №6 емханаға және Шайқорық ауылдық округтеріндегі медициналық мекемелерге қарасты әлеуметтік осал топтағы 40-қа жуық анаға перзентханаға қажетті алғашқы заттар табысталды. Аналарға сәбилердің алғашқы жейделері, бас киімдері және өзге де қажетті бұйымдар үлестірілді.
Ерекше атап өтерлігі, бұл киімдерді аналар мен қолөнершілер өз қолдарымен тігіп, әр бұйымға жылулық пен ақ тілектерін қоса білді. Бұл – шынайы жанашырлық пен мейірімнің көрінісі.
Акцияға №13 жалпы білім беретін мектептің «Жақсылық жаса» волонтерлік тобы мен «Қолөнерші» Тараз шеберлері белсенді қатысып, қайырымдылық шарасының жоғары деңгейде ұйымдастырылуына зор үлес қосты.
Бұл игі бастама – аналарға көрсетілген шынайы құрмет пен қамқорлықтың белгісі. Алғыс айту күні қарсаңында ұйымдастырылған қайырымдылық шарасы көпке үлгі болып, қоғамда ізгілік пен мейірімділіктің арта түсуіне ықпал етті.