Бүгін Тараздық тұрғындарға Тәуелсіздік мерекесіне орай «Бәйтерек» мөлтек ауданынан жаңа пәтерлердің кілттері табысталды. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қолжетімді тұрғын үй мәселесін қарқынды дамытуға үнемі баса назар аударып келеді. Осы орайда, еліміздің ұлттық мерекесі қарсаңында инфрақұрылымды дамыту, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында №13 мөлтек ауданынан көппәтерлі тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Баспана кілттерін облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке табыс етті.
— Елбасымыз Тәуелсіздік алған күннен бастап халықтың әл-ауқатын көтеруді тапсырды. Наурыз айында жарияланған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде бірінші бастама- тұрғын үй құрылысына арналған. Яғни, әрбір отбасында баспана болуына жағдай жасау екені баршаңызға мәлім. Бүгінгі берілген «Бәйтерек» шағын ауданындағы 60 пәтер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған. Құрылыс мердігері «Бином» ЖШС-і. Құрметті көпшілік қуаныштарыңыз құтты болсын, — деді Тимур Жанке.
Құны 55 4790,0 мың теңгені құрайтын көппәтерлі тұрғын үй Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, көп балалы отбасыларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға, әскери қызметкерлер мен мемлекеттік қызметшілерге берілді.
— Менің бүгінгі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Елбасының бастамасымен қолға алынған «Қолжетімді баспана — 2020» және «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалардың мен сияқты қарапайым халыққа берері мол екеніне көзім жетті», — деді жаңа пәтер иесі Бақытжан Шыңғысбеков.
Айта кетейік, Жамбыл облысында Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 28 нысан ашылды. Оның 12-і көпқабатты тұрғын үй болса, 7-і дәрігерлік амбулатория, 4-і балабақша, 4-і ауыз сумен қамтамасыз ету және 1 кәріз жүйесі.